Қарағанды облысында биыл 1 мың шақырым жол жөнделеді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында 1 000 шақырымнан астам жол ретке келтірілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл өңірдің қалалары мен аудандарындағы облыстық және республикалық маңызы бар автожолдар жөнделетін болады. Ал, облыс әкімі Ерлан Қошанов жол төсемінің сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды.

«Асфальт төсеу барысында сапаны бақылау үшін жұртшылықты, депутаттарды тартыңыздар. Қатаң бақылаусыз ақшаның барлығы желге кеткендей болады», - деп атап өтті облыс әкімі.

Айта кету керек, жол сапасын да енді жаңа ведомство - жол активтері сапасының ұлттық орталығы қадағалайтын болады. Ұйымның құрамында 25 адам қызмет етеді. Мамандар күн сайын асфальт төсейтін учаскелерге барып, материал сынамасын алып, технологиялық нормалардың сақталуын қадағалайтын болады.

Биыл облыс орталығында Республика даңғылы мен Тәттімбет көшесін жалғайтын жол құрылысы аяқталуға тиіс. Тағы екі жаңа жолдың құрылысы басталады, олардың бірі айналма, ал екіншісі салынып жатқан көтерме-тарату логистикалық орталығына апаратын жолдар. Осының барлығы қала жолдарын жүк көліктерінен босатуға мүмкіндік береді.

Новодолинка-Шахан, Қарабас-Жартас-Долинка және Ақтоғай-Балқаш жолдарында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, биылғы жылы Қарағанды қаласынан Саран және Шахтинск қаласына баратын тас жолдарда күрделі жөндеу жұмыстары басталады.

Су тасқынына қарсы шаралар аясында төрт көпір мен 12 су өткізу құбырын жөндеу жоспарлануда. Қарағанды-Тоғызқұдық-Ботақара тас жолындағы су өткізу құбырын күрделі жөндеу шілде айында аяқталады.

Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровтің айтуынша, 25 сәуірден кейін Федоров, Узенка және Майқұдық шағын аудандарындағы орамаралық жолдарды жөндеу басталады. Бұқар жырау даңғылында жол өтпесінен Гончарная көшесіне дейінгі және Саран тас жолында 15 магистральдан ДСК дейінгі жолда орташа жөндеу жұмыстары қарастырылған.

Қала басшысының ақпараты бойынша, шұңқырларды жөндеу жұмыстары 25 мың шаршы метр жол төсемін қамтиды, бұл жұмыстар жаздың басында аяқталуы тиіс.

Облыс орталығында жарамсыз болып қалған жолдардың кепілді мерзімі аясында жөндеуге келер болсақ, мердігерлерге ақауды 25 мамырға дейін жою міндеттелді.

Соңғы жаңалықтар