Қарағанды облысында бір айда браконьерлерге қарсы он қылмыстық іс қозғалды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында полицейлер «Браконьер» жедел-алдын алу шарасының қорытындысын шығарды. Шара барысында балықшылар мен аңшылардың заңсыз әрекеттеріне қарсы 10 қылмыстық іс қозғалып, 80-нен астам әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

9 тамыз бен 31 тамыз аралығында Қарағанды облысында «Браконьер» жедел алдын алу шарасы өтті.

«Осы кезеңде ҚР ҚК-нің 335-бабы «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз аулау» бойынша тоғыз қылмыстық іс, ҚР ҚК-нің 337-бабы «Заңсыз аң аулау» бойынша бір қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, ҚР ҚК 383-бабы «»Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау ережелерін бұзу» бойынша 87 әкімшілік хаттама толтырылды», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау полициясы бөлімінің бастығы Ерболат Изатов.

29 тамызда полиция қызметкерлері Приозерск қаласының маңында Балқаш көлінің жағасындағы саяжай массивінен екі шақырым жерде моторлы қайықты ұстады. Онда 38, 42 және 47 жастағы үш ер адам болған. Олардың барлығы – Приозерск қаласының тұрғындары. Қайықтан 160 келі балық табылып, тәркіленді.

Осы күні Қарағанды облысы Шет ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері «Қызылорда-Павлодар» автожолында 60 жастағы ер адам басқарып келе жатқан Нива автокөлігін тоқтатты. Көліктің жүксалғышын тексеру барысында полицейлер үрлемелі қайықты, бес дана торды және 37 келіге жуық тұқы тапты.

30 тамызда Балқаш көлінің Бертіс шығанағында 26 жастағы қала тұрғыны ұсталды, оның қайығында 87 келі лақа мен балық аулау құралы болған. Материалдық шығын 330 мың теңгені құрады.

Барлық фактілер бойынша ҚР ҚК 335-бабына сай қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар