Қарағанды облысында бейжіңдік үйректерді өсірмек (ФОТО)

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Жылдың соңына қарай Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Самарқанд ауылында «Natur-Agro» ЖШС үйрек фермасы іске қосылады, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұқар жырау ауданына барған жұмыс сапары аясында жобаның жүзеге асуымен облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков танысты.

«Мұнда пайдаланылмай тұрған мал өсіру базасы болды. Аумақты сатып алдық. 2014 жылдан жұмысты бастадық. Жоба құны шамамен 170 млн. теңге. Қаражат компаниянікі. Мемлекет көмегіне жүгінбедік. Қазір жұмыстар аяқталып келеді. Желтоқсан айында 18-20 мың үйректің балапанын әкелу жоспарланды. Келесі жылдың қаңтар айынан алғашқы өнімді - үйрек етін аламыз деген үміттеміз», - деді «Natur-Agro» директоры Дмитрий Кунин.

Жоба қуаттылығы жылына 230 тонна үйрек еті.

«Бройлерлік балапандарды Ресейден сатып аламыз. Француз селекциясындағы бейжіңдік үйректі таңдадық. Оларды 52-53-ші күні союға болады, сою кезіндегі салмағы 2,5-2,7 келіге жетеді», - деді кәсіпкер.

Сонымен қатар кәсіпорын қоспа жем өндірісін оң жолға қоймақ.

«Технология заманауи. Барлық үдеріс автоматтандырылған. Кей жабдық ресейлік, кейбіреулері еуропалық - Голландия, Германия. Италия», - деді Д. Кунин.

Мұндай өндіріс ошағы әзірге Қазақстанда жоқ.

Соңғы жаңалықтар