Қарағанды облысында автобус жүргізушілері тапшы

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Қарағанды мен Теміртау автопарктерінен жолаушылар тасымалының сапасын жақсартуды талап етті. Сервис деңгейі жоғарылағаннан кейін ғана субсидияларды ұлғайту мәселесін шешуге болады, деді өңір басшысы өңір әкімдігінде өткен онлайн кеңесте, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жолаушылар тасымалы сапасына қатысты шағымдар өте көп. Адамдар әлеуметтік желілерде жазады. Маған тәртіп орнату туралы өтініштер келеді. Автобустардың жетіспеуіне, кестенің сақталмауына, жүргізушілер мен кондукторлардың дөрекілігіне, санитарлық талаптардың бұзылуына шағымданады», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Қарағандыдағы ең ірі тасымалдаушының өкілі шағымдармен келісті.

«Қызмет көрсету мәдениетіне келетін болсақ, біз мұны білеміз. Күн сайын, ай сайын біздің кәсіпорын бойынша елуге жуық шағым түседі. Бірақ мен ақтамаймын. Олардың санын азайту керек», – деді № 3 автопарк директоры Артур Григорян. Сондай-ақ ол кәсіпорының бірқатар проблемаларын атап өтті.

Артур Григорянның айтуынша, маршруттарда жүргізушілер жетіспейді. Көбісі жоғары ақы төленетін орындарға барады.

Сонымен қатар, пандемия жолаушылар ағынының азаюына әкеп соқты, амортизацияға шығындар өсті. Мемлекеттен бөлінетін субсидия жетпейді.

Жүргізушілер тапшылыңғы және субсидияны ұлғайту қажеттігі туралы Қарағанды мен Теміртаудың басқа тасымалдаушылары да айтты.

«Біз субсидияны көбейтеміз. Бірақ сіздер сапалы қызмет көрсетіңіздер және автобустарды жаңарту бойынша міндеттемелер алыңыздар» – деп талап етті Жеңіс Қасымбек.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2021 жылы Қарағандыда отандық өндірістің 40 жаңа автобусы іске қосылды, Теміртауда – 20, Жезқазғанда – 20, Саранда – 11.

Кеңесте сондай-ақ электрондық төлем жүйесін енгізу туралы айтылды.

Қарағанды әкімі Ермағанбет Бөлекпаев 160 мыңға жуық ONAY! картасы сатылғанын хабарлады, оларды сататын 93 нүктелер жұмыс істейді.

Оның айтуынша, қолма-қол ақшасыз төлем бүгінде айналымның төрттен бір бөлігін құрайды.


Соңғы жаңалықтар