+7 (701) 759 90 19
USD 436.29 EUR 492.83
RUB 5.92 CNY 68.48
Jańalyqtar

Қарағанды облысында ауылшаруашылық кооперативінің ілкі жобасы жүзеге асырылуда

2016 жылғы 6 желтоқсан 22:02
Бөлісіңіз:

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Нұра ауданында ауылшаруашылық кооперативін дамыту бойынша ілкі жобаны жүзеге асыру басталды.

Бұл туралы Нұра ауданының әкімі Ниқанбай Омарханов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Түрлі жеке шаруашылықтарды дамыту бағытындағы ілкі жоба ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен жасалған. Оның мақсаты - жалпы кәсіпкерлікті дамытып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және жеке шаруашылықтар әлеуетін пайдалана отырып, қайта өңдеу қуатын пайдалану. Бүгінде төрт түлік малдың 80 пайыздан астамы жеке меншіктің қолында, сондықтан шаруаларға қолдау білдіру барлық мал шаруашылығы түрлерін дамытуға әсер етеді», - деп айтты Н.Омарханов.

Бұл жоба ауылшаруашылық кооперативтерін құрудан бастап жемдерді өндіруге дейінгі кешенді қамтамасыз етеді, деп атап өтті ол. Ілкі алаң ретінде Нұра ауданы таңдалды, себебі мұнда мал шаруашылығымен айналысатын 3200 жеке шаруашылық бар.

Аудан әкімінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда сүт жинау пункттері үшін 12 ауылдық округ іріктелді.

«Әрбір елді мекенде жеке де, заңды да тұлғалар кіретін 20 қатысушы ауылшаруашылық кооперативін құруда. Ауыл әкімдігінің аппараты құрылтайшылық құжаттарды әзірлеуде. «КазАгро» арқылы сүт жинау пункттеріне қажетті құрылғылар үшін лизинг - қосалқы бөлшегі бар салқындатқыш танкерлер, сүт тасушы және айналым капиталы үшін несие беріледі», - деп жан-жақты түсіндірді аудан басшысы.

Ол мал дәрігерлік бақылау қатаң болатынын атап өтті. 2017 жылдың наурыз айынан бастап ауылшаруашылық кооперативтерінен сүт қабылдау жоспарлануда. Жобаны іске асыру тікелей инвесторлар тартып, өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, деп есептейді бастамашылар. «Мемлекетке әрбір адаммен жұмыс жасасқанша, кооперативтермен әрекет еткен ыңғайлы. Сол субсидияларды, кез келген несиені бір заңды тұлғаға берген оңай», - деп нақтылады тіркелген ауылшаруашылық кооператив төрағаларының бірі Нұржан Төлеуов.

«Алда жеке шаруашылықтың әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар тұр. Ауылшаруашылық кооперативтерін дамыту жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға үлес қосады», - деп қорытындылады өз сөзін Нұра ауданының әкімі Н. Омарханов.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Ақбөпе Әбдрасул

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER

MURAǴAT