Қарағанды облысында ауылдық жолдар жөнделіп жатыр

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы Нұра ауданында жолдарды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұра – Шахтерское – Пржевальское тас жолының ең проблемалы учаскелері екі жыл ішінде жөнделеді. Жолдың жалпы ұзындығы шамамен 50 шақырым. Бұдан басқа, ауданның елді мекендерінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауылішілік жолдар да ретке келтірілуде.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек құрылыс жұмыстарының барысын тексерді, сондай-ақ Нұра ауданына жұмыс сапары кезінде шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті.

«Биыл Нұра – Шахтерское – Пржевальское автожолы жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Трассаның 24 шақырымында Пржевальскийден Шахтерский бағытына орташа жөндеу қарастырылған. 10 шақырымдық жұмыстар аяқталды, қалған бөлігі келесі жылы аяқталады. Шахтерский ауылынан Қарой ауылы бағытында алғашқы 10 шақырым жол жөнделуде. Келесі жылы толық аяқтау көзделген», – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Саят Шаймин.

Жеңіс Қасымбек ауыл жолдарын қалай ретке келтіргенін қарап шықты.

Қарой ауылында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша ұзындығы 3,29 шақырым болатын төрт көшеге асфальт төселді.

Мұзбел, Кертінді және Жараспай ауылдарының жолдары да жөнделді. Қазір жол жиектерін нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Биыл Шұбаркөл және Нұра кенттерінің жолдарында да жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Облыс әкіміне егін жинау науқаны мен жем-шөп дайындау барысы туралы да баяндалды. Нұра ауданында шөп қоры 100% құрылды. Сонымен қатар, 740 тонна пішендеме дайындалды. Шөп бағасының өсуіне жол бермеу үшін ірі фермерлермен меморандумдар жасалды. Алқаптарды ору аяқталуға таяу. «Биыл егін жинауды ерте бастадық. Орташа есеппен 10 ц/га алдық, бұл қарағандылық сұрыптардың арқасында қуаңшылыққа төзімді болып шықты», – деді «Шахтерское» ЖШС директоры Георгий Прокоп.

Ауданның әлеуметтік дамуына келетін болсақ, «Шахтерское» ЖШС ауыл тұрғындары үшін жайлы орта құру үшін қолдан келгеннің барлығын жасауда.

Компания өз қаражаты есебінен биылғы жылы Шахтерский ауылындағы орталық саябақты қайта жаңғыртуды аяқтайды, сондай-ақ компания өзінің болашақ қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

«Біз өндірісімізді кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Жастарды жұмысқа тарту үшін барлық қолайлы жағдай жасалған жаңа шағын аудан салуды бастаймыз. Бұл заманауи үйлер болады. Бірінші кезеңде 30–40 отбасын баспанамен қамтамасыз

етеміз, болашақта 70–80 пәтерге жетеді. Біз құрылысты 2023–2024 жылдары бастаймыз», – деді Георгий Прокоп.

Сапар соңында облыс әкімі Нұра ауданының экономикасы дамып келе жатқанын, әлеуметтік мәселелер де шешіліп жатқанын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар