Қарағанды облысында ауыл тұрғындары үшін инватакси іске қосылды

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Нұра ауданында инватакси пайда болды. Оның қызметін жеке көмекшісі бар І топ мүгедектері, сондай-ақ кресло-арбамен қозғалатын мүмкіндігі шектеулі балалар пайдалана алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Инватакси қызметін пайдалану үшін Нұра ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгіну қажет.

«Тұрғындар бізге еркін формада өтініш жазып, жеке куәлік пен дәрігерлік кеңес комиссиясының қорытындысын қоса беруі қажет. Осыдан кейін олар инватакси қызметтерін тегін пайдалана алады. Инватаксиге одан әрі тапсырыс беру үшін олар біздің бөлімде құрылған диспетчерлік қызметке (8-72144) 2-16-79 нөміріне қоңырау шалуы керек», – деп хабарлады Нұра ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі.

Нұра ауданында инватакси қызметін ұйымдастыруға «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы көмектесті. Кәсіпорын мамандандырылған «Газель» сатып алуға қаражат бөлді.

Автокөлік «Нұра ауданының мүгедектерді қолдау қоры» қоғамдық қорының балансына берілді.

Қор көліктің шығындарын көтереді.

«Біз инватакси қызметімен биыл 75 адамды қамтуды жоспарлап отырмыз. Сұраныс көп болуы мүмкін. Біздің ауданда 1046 мүгедектігі бар адам тұрады», – деп толықтырды аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі.


Соңғы жаңалықтар