Қарағанды облысында ауыл мұғалімі мектептің керек-жарағына грант ұтып алды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы Красная Нива ауылының мұғалімі Лидия Гура миллион теңге грант иегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның білім беру үдерісін және оқушылардың сыныптан тыс қызметін жақсарту бойынша жобасы Barine Bilim мұғалімдеріне арналған шағын гранттар бағдарламасының финалистері тізіміне енді.

Бастауыш сынып мұғалімі Лидия Гураның бастамасы мектептің спортзалын жабдықтауға бағытталған. Ауылда бір ғана оқу орны бар. Орта мектепке 50 оқушы барады, тағы 6-уы мектепалды даярлық сыныбына барады. Мұғалімнің айтуынша, спортзалда құрал-жабдықтар жетіспеді.


«Мен осы ауылда дүниеге келдім. Қазір өзім сабақ беретін мектепте оқыдым. Анам да осы жерде мұғалім болып жұмыс істеді. Мен туған жерімді және мектепті шын жүректен жақсы көремін. Балаларымыздың дені сау, мықты және шыдамды болғанын қалаймын. Мектептің спорт залы – бұл балалар спортпен шұғылданатын жалғыз орын. Бірақ бізде инвентарь жетіспеді. Сондықтан менің жобам осыған арналды», – деді Лидия Гура.


Гранттың арқасында спортқа арналған тауарлар мен жабдықтар сатып алынды. Бұл маттар, кілем және қазақ күресіне арналған кимоно, үстел теннисіне арналған барлық керек-жарақтар – үстел, торлар, ракеткалар мен шариктер, сондай-ақ тренажерлер, турниктер, қырлы бөренелер мен арқандар. Сондай-ақ волейбол, баскетбол және футболға арналған жабдықтар сатып алынды. Зияткерлік ойындарды ұнатушылар да ұмыт қалмаған - шахмат пен тоғызқұмалақ алынды.

Барлық құрал-жабдықтар мектептке жеткізілді. Енді оқушылар дене шынықтыру сабақтарына қуана қатысады. Спорттық үйірмелер де ашылады.

Ал Лидия Гураның жаңа арманы бар. Ол мектепте физика, химия және биология сабақтарына қажетті жабдықтардың болуын қалайды.


Соңғы жаңалықтар