Қарағанды облысында ауыл мектептері тағы 8 жаңа автобус алды

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында ауыл мектептерінің автопаркі тағы сегіз жаңа автобуспен толықты. Ыңғайлы көлік жол қауіпсіздігі талаптарына жауап береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауылдық мектептердің автопаркін толықтыру туралы білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Қарағандыға Алматы қаласының Hyundai Trans Auto зауытында жасалған сегіз жаңа қырық орындық мектеп автобусы келді. Бұл Абай, Бұқар Жырау, Қарқаралы, Шет аудандары мен Теміртау қаласының Ақтау кентінің балаларын қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етеді», - дейді Гүлсім Қожахметова.

Өткен жылдан бастап ауыл мектептері 27 заманауи автобус алды.

Олар қаржы лизингі бағдарламасы бойынша жеңілдікті шарттармен сатып алынды және қазіргі заманғы талаптарға жауап береді.

Атап айтқанда, қауіпсіздік белбеуімен, мектеп рюкзактарына арналған сөремен, автобус есіктері ашылғанда қозғалысты бұғаттау механизмімен жабдықталған, жылдамдықты 60 км/сағ дейін шектегіш бар.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін QazTehna зауытының 19 жаңа мектеп автобусын Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Осакаров, Шет аудандары мен Ақтау кентінің ауыл мектептері алған болатын.

Жаңа техниканың арқасында ауыл мектептерінің оқушылары олимпиадаларға, спорттық жарыстарға және басқа да іс-шараларға жиі бара алады.


Соңғы жаңалықтар