Қарағанды облысында ауыл медицинасын қаржыландыру 39% артты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Медициналық сақтандыруды енгізумен жыл сайын медициналық көмекті қаржыландыру ұлғаюда. 2020 жылы ауылдағы денсаулық сақтауға Қарағанды облысында 7,9 млрд теңге бөлінді, 2021 жылы бұл сома 11 млрд теңгеге дейін өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұқар жырау аудандық орталық ауруханасы 2020 жылы жабдықтауды жақсартуға 208,9 млн теңге жұмсады.

Бұл қаражатқа Үштөбе, Қаражар, Көкпекті, Петровка, Ростовка, Тоғызқұдық елді мекендері, Ботақара кенті үшін жалпы сомасы 34,4 млн теңгеге 8 автомобиль және Гагарин ауылы үшін УАЗ автокөлігі сатып алынды.

2021 жылы аудан тұрғындарына медициналық көмек көрсетуге 1 877,9 млн теңге бөлінді.

«Медициналық сақтандыру жүйесіне көшу «Covid-19» коронавирустық инфекциясының таралуына сәйкес келді, бұл қазіргі уақытта қарқынды бейімделуге әсер етті. Пандемиямен күреске бізге қосымша 105,3 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Нәтижесінде КВИ емдеу және алдын алуға арналған дәрілік заттардың, сондай-ақ медициналық бұйымдардың тапшылығынан құтылуға мүмкіндік туды», – дейді Бұқар жырау ауданы орталық аудандық ауруханасының директоры Дәмет Нұрмағанова.

Дәрігерлер медсақтандыруды енгізу арқылы бірқатар өзгерістер болғанын атап өтті.

Қымбат тұратын медициналық қызметтер мен диагностика (УДЗ, КТ және МРТ қоса алғанда) қолжетімді болды.

Сондай-ақ консультациялық-диагностикалық зерттеулерге қолжетімділік кеңейді.

«Міндетті медициналық сақтандыру арқылы18 жасқа дейінгі барлық бала тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі, ал бұрын тегін дәрі-дәрмек тек 5 жасқа дейінгі балаларға ғана берілетін. МӘМС жүйесінің қатысушыларына тегін дәрі-дәрмектер тағы 41 аурулар тобы бойынша қолжетімді болды. Бұқар жырау ауданының пациенттері үшін жалпы сомасы 280 млн теңгеге ТМККК шеңберінде амбулаториялық дәрі – дәрмекпен қамтамасыз ету үшін дәрілік препараттарға тапсырыс берілген», – деп нақтылайды аурухана директоры.

Бұқар жырау аудандық орталық ауруханасында қатерлі ісіктің алдын алу және анықтау бойынша мемлекеттік бағдарлама белсенді жүзеге асырылуда.

Тұрғындарды DamuMed қосымшасы арқылы дәрігерге дейінгі және қарау кабинеттеріне скринингтерге шақырады.

Емханада уролог дәрігердің штат бірлігі қосымша енгізілді. Енді несеп-жыныс жүйесі аурулары бар емделушілерге бұдан былай облыс орталығына барудың қажеті жоқ.

2021 жылы стационарда лапароскопиялық оталар спектрі кеңейді.

Оның ішінде жедел аппендицит кезінде лапароскопиялық операциялар, «көмескі іш», іштің жарақаттары кезінде диагностикалық лапароскопия басталды.

Бұрын Бұқар жырау ауданының тұрғындары мұндай көмекті тек облыс орталығынан ала алатын.

«Хирургиялық емдеу түрлерін кеңейту жоспарда бар: диафрагматикалық жарасын хирургиялық түзету, лапароскопиялық жолмен кіндік және ішек жарасын алып тастау. Варикозды емдеудің минималды инвазивті әдістері енгізілді - эндовенозды лазерлік коагуляция, ВРВ. Аталған емдеу әдістері аудан тұрғындарына МӘМС пакетінде ұсынылады, яғни сақтандырылған пациенттер үшін – тегін», – деп түсіндірді Дәмет Нұрмағанова.

Айта кету керек, Бұқар жырау ауданының ОАА -на 48 277 адам тіркелген.


Соңғы жаңалықтар