Қарағанды облысында аурухана және емхана басшыларының білімі тексерілді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша тестілеу өтті. Медициналық ұйым басшылары емтихан тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Емтихан барысында емхана жетекшілері 33 минутта жаңа модель Қарағанды облысында қалай іске асырылады, тегін медициналық қызметтер тізіміне қандай қызмет түрлері кіреді, әлеуметтік сақтандыру қорында ешқандай төлем жасамаған азаматқа қандай көмек көрсетілетіні туралы сұрақтарға жауап берді.

Тестілер МӘМС енгізу бойынша Қарағанды облыстық штабында даярланды. Онда 40 сұрақ болды. Кей тапсырмаларда бірнеше дұрыс жауап келтірілген, сондықтан денсаулық сақтау менеджерлеріне бірінші кезекте сақ болу талап етілді. Емтихан алдында қатысушылардың ұялы телефондары жинап алынды, ал тестілеу бейнебақылау арқылы қадағаланып отырды.


Білімді бағалаудың орташа нәтижесі 70% құрады. Көшбасшылар үштігіне «Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының», №4 емхана мен Алғашқы медициналық-санитарлық көмек қалалық орталығы басшылары енді. Олар ең жоғарғы балл жинады.

«Қобалжу болды, өзімді мектепке немесе университетке қайта оралғандай сезіндім. Біз оқуды мамыр айында бастадық, сол кезде Қарағанды облысы алғашқылардың бірі болып ММСЖ енгізетіндігі белгілі болды. Бұл тақырыпты мен жақсы білемін, алайда сенімдіздік болды, себебі, бұл өте жауапты іс. Жоғары балл жинағанымды естігенде қатты қуандым», - дейді АМСК директоры Татьяна Баширова.

Тестілеу қорытындысы бойынша барлық медициналық ұйымдардың жетекшілері 5 балдық жүйе бойынша баға алды. 3 балл алғандар жақын арада тестіні қайта тапсырады.

Қарағанды облысының барлық медициналық қызметкерлері – дәрігелерден бастап орта және кіші персоналға дейін осындай тестілеуден өтеді.

Айта кету керек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде көрсетілетін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) мен медициналық көмек пакеті Елбасының 2018 жылдың 10 қаңтарындағы халыққа жолдауындағы тапсырмасымен даярланды. Ол 2020 жылдың қаңтарынан бастап өз күшіне енеді.

Денсаулық сақтауда үш деңгейлі медициналық қамсыздандыру жүйесі енгізіледі. Бірінші деңгейі ҚР барлық азаматтарына, оралмандарға және тұрақты түрде тұратын шетелдіктерге арналған мемлекеттік бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл пакетке тіркелу орны бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек, әлеуметтік маңызды ауруларда және негізгі созылмалы ауруларда толық медициналық көмек спектры, оған қоса дәрілік қамсыздандыру кіреді.

Екінші деңгей – сақтандырылған халық үшін МӘМС пакеті, мұнда ТМККК қоса мына қызметтер қосылады: консультациялық, диагностикалық, жоспарлы стационарлық көмек пен ауру түрлері бойынша тегін дәрімен қамту, стационарды алмастыратын көмек және қалпына келтіру мен емді қайта жүргізу.

Үшінші деңгей – бұл ТМККК және МӘМС пакеттеріне кірмейтін медициналық қымет түрлері. Олар ақылы түрде немесе ерікті медициналық сақтандыру есебінен жүргізіледі.

Денсаулық сақтау жүйесін үш деңгейлі жүйеге ауыстыру арқылы мемлекет міндеті мен министрлік, МӘМС Қоры және жекеменшік сақтандыру компаниялары арасындағы медициналық көмек көрсету бойынша жауапкершілік бөлініп, белгілі бір шектеулер анықталады, бұл өз кезегінде бюджет қаржысын үнемдеуге ықпал етеді, осылайша денсаулық сақтау бағытындағы әлеуметтік маңызды бағыттарға қаржы көбірек бөлінеді, және де бүгінгі күні денсаулық сақтау саласында пайда болған қаржы жетіспеушілігін қалпына келтіруге көмектеседі.



Соңғы жаңалықтар