Қарағанды облысында аудандық аурухананың есепшісі 22 млн теңгені жымқырды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚарАқпарат - Қарағанды облысындағы аудандық аурухананың есепшісі бюджеттік қаражатты иемденіп, жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Шет аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Шет аудандық орталық ауруханасы» ҚМК есепшісіне қатысты қылмыстық іс қаралды. Айыпталушы ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлімі 2-тармағы және 385-баптың 2-бөлімі (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу, ресми құжатты қолдан жасау) бойынша кінәлі деп табылды.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңын қолдану арқылы 3 жыл 6 айға жеке мүлкі тәркіленіп және ұйымдар мен кәсіпорындарда материалдық жауапкершілікке қатысты лауазымды қызметтер атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, жалпы режімдегі түзеу колониясында жазасын өтейді», - делінген хабарламада.

Әйелдің кәмелетке толмаған бала тәрбиелеп отырғанын ескере отырып, сот жазасын өтеуді 5 жылға шегерді.

Сотта есепшінің өз жазасын толық мойындағаны аталып өтті.

Істің материалдарында көрсетілгендей, есепші аудандық аурухананың 22 млн теңгеден астам қаржысын иемденген. «Банк тұтынушы» бағдарламасы арқылы өзінің банк карточкасы мен ауруханадағы басқа да мамандардың банк картасындағы шоттарына жалақы мөлшерінен көп соманы аударып отырған. Мамандар қалдық ақшаны қайтарып беріп отырған. Үкім заңды күшіне енген жоқ және апелляциялық инстанцияға шағым түсірілуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар