Қарағанды облысында археологиялық саябақтар құрылуы ықтимал

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат  - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов халықаралық археологтар симпозиумына келген шетелдік және отандық ғалымдармен кездесті, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты.

Кездесу барысында тарихи мұраларды зерттеуде әріптестікті дамыту мүмкіндіктері талқыланды. 

Аймақ басшысы қонақтарға симпозиумға қатысқандары үшін алғысын білдірді. Пікір алмасу екі жаққа да пайдалы деп санайды ол. 
- Қарағанды облысы тек жер қойнауындағы байлықтарымен ғана ерекшеленбейді, біздің елдің тарихы да бай. Сарыарқа даласында аңыздарға толы құпиялар жеткілікті. Кезінде біздің ғалымдар көптеген жаңалықтар ашқан, алайда зерттеуді қажет ететін жерлер әлі де жетіп артылады. Қарағандылықтар үшін, жалпы Қазақстан үшін сіздермен әріптес болу өте маңызды, - деп атап өтті Ерлан Қошанов. 
Жапондық ғалым, көне шығысазиялық темір мәдениетінің Зерттеу орталығының директоры Ясуюки Мураками өзінің Қарағанды облысына жасаған экспедициясы туралы айтып берді. Эхимэ университетінің профессоры осымен 4-ші мәрте  қола дәуіріндегі Алат елді мекеніндегі қазба жұмыстарына қатысқан. Жапондық археолог қазақстандық әріптестерімен серіктестігін жалғастыруды көздеп отырғанын жеткізді. 
Қарағанды облысының аумағында орналасқан тарих және мәдениет ескерткіштерінің бірегейлігі туралы ресейлік археолог Сергей Кузьмин де тоқтала кетті. 

- Академик Қаныш Сәтбаевты еске алуға арналған бұл конференция өте маңызды, себебі ол Орталық Қазақстандағы тау-кен және металлургияны зерттеудің негізінде тұрған тұлға. Қазақстандық ғалымдардың көптеген буындары бұл жұмысты жалғастырған, - деп атап өтті Ресей ҒА Археология институтының профессоры. - Андрондық мәдениетті зерттеуде біз білмеген парақтар ашылды. Бұл жұмыстарды жалғастырудың маңызы өте зор».

Орал мемлекеттік университетінің профессоры Людмила Корякова Қарағанды облысының археологиялық жұмыстар және бірлескен пәнаралық жобаларды дамытуда әлеуеті зор екенін атап айтты. 

- Өткенсіз келешек болмайды. Бір облыстың аумағында осыншама көп ескерткіштер бар екені қуантады. Оларды зерттеп, көрсетіп, мектеп курстарындағы материалдарға енгізуге болады. Және де оның барлығы жай ғана әңгімелерге қарағанда жастардың тәрбиесіне зор әсерін тигізеді, - деп есептейді ресейлік ғалым. - Кент мені мәдениет бірегейлілігімен қатты таңқалдырды. Сіздер тарихтарыңызды мақтан тұта аласыздар және бай әлеуеттеріңізді дамыта аласыздар: археологтарды қолдап, ұлттық және археологиялық бақтар құра аласыздар. Біріншіден, осылайша сіздер туристерді жұмылдырасыздар, екіншіден, ғылым дамиды. 

Тарихшылар ондаған ерекше бірегей ескерткіштер ашылған Кент шатқалы мен Талды ауданында ашық аспан астындағы мұражайларды ұйымдастыруды көздеп отыр. 

Ерлан Қошанов бұл идеяны қолдады. - Біз өз өлкеміздің тарихын мақтан тұтып, зерттеулерді дамытуымыз қажет. Бұл Елбасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасында қойған мемлекеттік тапсырма болып табылады. Бұл ретте рухани жаңғыру туралы айтылған. Бағдарламаның үлкен бөлігі тарихты зерттеуге бағытталған. Бұл жұмысқа әлемге әйгілі ғалымдар атсалысады, біздің мүмкіндіктеріміз кеңеюде. Әрі қарай да сіздермен жұмыс істейміз, - деді облыс әкімі. 

Айта кеткен жөн, Қарағанды облысында 3-4 қыркүйекте «Қ.И. Сәтбаев - Тұлға. Патриот. Ғалым» атты халықаралық археологтар сипозиумы өтіп жатыр. Ғылыми форум ғұлама ғалымның мұрасын танымал етуге бағытталған. Қатысушылар Еуразия аумағындағы ежелгі металлургия және тау-кен ісі жайлы мәселелерді талқылайды. Сондай-ақ соңғы археологиялық жаңалықтар туралы әңгімелер қозғалады. 

Симпозиум 3 қыркүйекте Қарағандыда, Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ашылды, және де 4 қыркүйекте Сәтбаев қаласында жалғасады. 

 Қазіргі таңда Қарағанды облысы аумағында 2700 тарих және мәдениет ескерткіштері анықталған, олардың 1538-і мемлекет қорғауында. 22 ескерткіш республикалық мәртебеге ие. Соңғы 5 жылда қазақ халқының ғұлама тұлғалары жерленген 70-тен астам мазарлар мен кесенелердің алғашқы келбеті қайта қалпына келтірілді. 

Соңғы жаңалықтар