Қарағанды облысында әр үйде екі-үш тазы өсіретін ерекше ауыл бар

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы Шет ауданы Кеншоқы ауылының тұрғындары тазы өсіріп, саятшылар клубын құрды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір Кеншоқы елді мекенінің әр үйінің ауласынан екі-үш тазыны көруге болады.

Негізгі селекционер – Асхат Аманбаев. 30 жыл бойы Асхат қазақи тазы популяциясына қамқорлық жасап келеді және оларға жайлы иелерін табуда.

«Үш-төрт жыл бұрын менде 80 тазы болды. Күшіктермен бірге олардың саны 300-ге жетті. Уақыт өте келе оларды достарыма, туыстарыма тарата бастадым. Асыл тұқымды тазылар - біздің жеті қазынамыздың бірі. Олар әр үйде болуы керек. Қазір менде тек 30 тазы бар. Оның бірнешеуі – 2018 жылы Таразда өткен Халықаралық жарыстың Гран-при иегерлері», – дейді Асхат Аманбаев.

Қазақ тазысы өзінің ерекше мінезімен танымал. Тазылар тіпті өзінен екі есе үлкен аңдардан да қорықпайды. Олар қоян мен қасқырды оңай аулайды.

Асхат асыл тұқымды иттерді өсіру оңай емес екенін мойындайды.

«Бала күнімнен осы тазыға құмармын. Баяғыда осы ауылда керемет аңшылар болған. Сол кісілерге қарап еліктедік, тазыларын көріп қызығатынбыз. «Шіркін, менде де осындай иттер болса» деп армандайтынбыз. Сол кісілерден тұқымын алдық. Тазы өзі екі түрге бөлінеді ғой. Шашақ құлақты, жарғақ құлақты болып. Біздің тазылар шашақ құлақтысына жатады. Жеңіл болу керек, тықыр болу керек, құлағы шашақты, құйрығы доғал, кеудесі кең», – дейді тазы өсіруші.

Кеншоқы тұрғындары тек тазы өсірумен ғана емес, оларды танымал етумен де айналысады.

Ол үшін жергілікті тұрғын Диас Мейірханов Instagram парақшасынан қазақ тазысы жанкүйерлерінің клубын ашты. Қазір оған төрт мыңнан астам адам қосылған.

«Бізде миллионға жуық қаралым бар. Жазылушылар кейбір парақшалардағыдай жалған емес. Біз өз парақшамызда аңшылық бейнежазбаларды жариялаймыз, тазыларға қалай дұрыс күтім жасау керектігін көрсетеміз. Біздің мақсатымыз – ұлттық құндылықтарды дәріптеу», – деп атап өтті Диас Мейірханов.


Фото ауыл тұрғындарының жеке мұрағатынан алынған


Соңғы жаңалықтар