Қарағанды облысында алдағы үш жылғы бюджет бекітілді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Облыстық мәслихат сессиясында алдағы үш жылға арналған облыстық бюджет бекітілді. Оның шығыс бөлігі 229,2 млрд теңгені құрайды деп болжануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы қалалық мәслихаттың бюджет және қаржы жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Жомарт Таласпеков мәлімдеді.

Білім беруге, соның ішінде 2020-2022 жылдар аралығында мектептер салу мен күрделі жөндеуге облыста 91 млрд теңге бөлінеді. Оның 34,1 млрд теңгесі 2020 жылға қарастырылған.

Мәдениет, спорт және туризмді дамытуға арналған шығыстар осы кезеңде 54,8 млрд.теңгені құрайды. Оның ішінде 2020 жылға 19 млрд теңге бөлініп отыр.

«Нұрлы Жол», «Нұрлы Жер» индустриялық-инновациялық даму, Өңірлерді дамыту, газдандыру, көлік инфрақұрылымы, ТКШ, абаттандыру жобаларын жүзеге асыруға үш жыл ішінде 60,5 млрд теңге жұмсалмақ. Оның ішінде 2020 жылы - 33,5 млрд.

Аграрлық секторды дамытуға 27,1 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 2020 жылға – 8,8 млрд теңге.

2020 жылы әлеуметтік саланы дамытуға облыстық бюджеттің жалпы көлемінің 33% жұмсалады.

«Өңірді дамытудағы басым салалардың бірі – халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету. Облыс бойынша барлығы 50 мыңнан астам адам кезекте тұр. Бұл мемлекет жалға берілетін пәтерлерді сатып алу құқығынсыз қамтамасыз етуге міндетті санаттар. Алдағы бір жарым жылда біз өз кезегін күтіп отырған 1800 көп балалы отбасын толық баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз», - деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Ол келесі жылы өңірде тұрғын үй құрылысының көлемін 150%-ға арттыру керектігін атап өтті. Бұл бір жағынан ЖЭО-3 жаңа жылу беру жүйесінің арқасында мүмкін болады. Қазір жылу орталығының қуаты жаңа шағын аудандардағы көпқабатты үйлерді жылыту үшін жеткіліксіз.

Жеңіс Қасымбек алдағы жылы облыстың көптеген елді мекендерінде жаңа инженерлік желілерді жөндеу және салу жоспарланатынын айтты. Өңірді газдандыру бойынша да жұмыстар жалғасады.

Соңғы жаңалықтар