Қарағанды облысында Ахмет Байтұрсынұлы сабақ берген мектеп жөнделіп жатыр

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының Ақтерек ауылында Ахмет Байтұрсынұлы сабақ берген мектеп жөнделуде. Сондай-ақ әдебиетшінің оқу сыныбы жабдықталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір қабатты ағаш ғимарат қашан салынғанын ешкім дәл айта алмайды. Аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлері мұндай деректерді не облыс, не Алматы мұрағаттарынан таба алмады. Мамандар ғимарат XIX ғасырдың соңында салынған деп болжайды. А. Байтұрсынұлының сол жерде сабақ бергені ғалым Ақжан Машановтың еңбектерінде жазылған және ғимараттың мандайшасындағы ескі тақтайша соны айғақтайды. Жазбаларға сәйкес, ағартушы бұл мектепте 1904 - 1909 жылдар аралығында жұмыс жасаған.

«Ғимарат өте ескі. Бір кездері мектеп болған, ал 90-шы жылдары байланыс бөлімшесі мен тау-кен байыту комбинатының шаруашылық кеңсесі орналасқан. Содан кейін біраз уақыт ол бос қалып, ескірді», – дейді Қарқаралы ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Дана Әлиева.

Ауылдың қариялары ғимаратты толығымен қирап қалудан құтқарған. 2007 жылы «Жібек жолы» бағдарламасының арқасында ол қалпына келтіріліп, дуалмен қоршалды. Жөндеу жұмыстары 2008 жылы жалғасты, содан кейін ғимараттың бір бөлігі кітапханаға берілді, ал екіншісінде шағын орталық ашылды.

«Қазір ғимарат мемлекеттің қорғауында. Ағымдағы жөндеуге қаражат бөлінді. Біз нысанның алғашқы күйін сақтап, балаларға қолайлы жағдай жасауға барынша тырысамыз. Ғалымның сыныбында оның туған-туыстарына жазған хаттары сақталатын болады. Суретшілер Ахмет Байтұрсынұлының 3D-портретін салады. Кіре берісте заманауи тақтайшалар орнатылып, кітапханадағы кітап сөрелері жаңартылады», – дейді Дана Әлиева.

Биыл 5 қыркүйекте лингвист-ғалым, әдебиеттанушы, түркітанушы, ақын, аудармашы және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толады. Бұл күні жаңартылған ғимараттың ашылуы да жоспарланып отыр. Мерейтой күніне орай конференциялар мен түрлі танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.


Соңғы жаңалықтар