Қарағанды облысында 83 су айдынында шомылуға рұқсат берілді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында 83 суда жүзуге болатын демалыс орыны анықталды. Қарағандыда ол мәдениет және демалыс саябағындағы көл және Федоров су қоймасындағы қалалық жағажай болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының ТЖД қызметкерлері суға шомылу маусымына дайындық бойынша көшпелі брифинг өткізді.

«Маусым басталар алдында шомылуға арналған орындар тазартылуы тиіс. Су түбін арнайы тазартуды біздің сүңгушілер жүргізеді. Суға шомылу маусымының оқыс оқиғасыз өтуін қамтамасыз ету бойынша барлық іс-шара облыс әкімі бекіткен жоспарға сәйкес жүзеге асырылады. Облыста шомылуға арналған 83 орын анықталды. Егер Қарағанды туралы айтатын болсақ, бұл мәдениет және демалыс саябағы мен Федоров су қоймасындағы қалалық жағажай. Сондай-ақ біз шомылуға тыйым салынған жерлерді анықтаймыз. Олардың саны облыста 271», - дейді ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қатпанов.

Қарағанды облысында суға шомылу маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгін Федоров су қоймасында сүңгуші құтқарушылар суға шомылуға арналған су айдындарының түбін тексерді.

«Біз судың түбін тазалаймыз, онда адамдарды жарақаттайтын бөтен заттар болуы мүмкін. Бұл суға шомылу маусымы алдында өткізілетін жыл сайынғы кезекті тексеру. Аса қауіпті заттарды таппадық, сондықтан жағажай суға түсуге жарамды», - деп түсіндірді Қарағанды облысы ТЖД құтқару жасағының бас құтқарушысы Сергей Целишев.

30 сәуірден бастап ТЖД-ның барлық суда құтқару бөлімшелері жоғары дайындық жағдайына көшірілген. Облыста осындай жеті бөлімше бар. Олар арнайы апаттық-құтқару техникасымен, сүңгуші жабдықтарымен жабдықталған. Қазіргі уақытта құтқарушылар адамы көп демалыс орындарын патрульдейді.

Соңғы жаңалықтар