Қарағанды облысында 8 мыңнан астам оқушы колледждерге грантпен түсе алады

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Биыл Қарағанды облысының колледждерінде тегін оқуға 8 мыңнан астам оқушы үміттіне алады. Облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Индира Ысқақова колледждерді мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз ету және тәжірибелік оқытуды енгізу туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы үш жылда бізде колледжге түскісі келетін оқушылар саны артты. 2025 жылға қарай тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етуді 100 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, осы оқу жылынан бастап өңірде Қарағанды кәсіптік-техникалық және Теміртау техникалық колледжінің базасында «шаштараз өнері» және «дәнекерлеу ісі» мамандықтары бойынша 10-11 сынып оқушыларын тәжірибелік оқыту енгізілді. 10-11 сынып оқушылары таңертең мектепте оқиды, ал түстен кейін (3-4 сағат) осы колледждердің базасында білім алады. Мектепті бітіргеннен кейін олар орта білім туралы аттестат пен біліктілік туралы диплом алады», - деп атап өтті Индира Ысқақова өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте.

Облыста техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде барлығы 55 колледж жұмыс істейді. Мамандарды даярлау 97 мамандық және 114 біліктілік бойынша жүзеге асырылады. Колледждерде 31 912 студент оқиды, оның 21 516-сы мемлекеттік тапсырыс бойынша. Кадрларды сапалы даярлау үшін 42 колледжде 6 425 адамды қамтитын дуальды оқыту енгізілді. «Жас маман» жобасы аясында 14 оқу орны АҚШ, Италия, Германия, Швеция, Франция, Австрия өндіретін әлемдік брендтердің заманауи жабдықтарымен жабдықталған.

Биылғы жылы колледждерде мемлекеттік тапсырыс бойынша күндізгі оқу нысанына өтініштер 25 маусымнан 18 тамызға дейін негізгі орта білім беру базасында, ақылы негізде – 25 маусымнан 25 тамызға дейін, кешкі және сырттай оқу нысандарына – 25 маусымнан 20 қыркүйекке дейін, шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтар бойынша – 25 маусымнан 20 шілдеге дейін, педагогикалық, медициналық мамандықтар бойынша – 25 маусымнан 15 тамызға дейін қабылданады.


Соңғы жаңалықтар