Қарағанды облысында 74 экономикалық қылмыс анықталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында жалған шетел валютасын сатуға қатысты қылмыстық іс ашылды. 500 еуро тұратын жалған ақша шет елдерде жасалғаны анықталды. Ойын бизнесі саласындағы қылмыстық топ Жезқазғанда және Сәтбаев қаласында ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың осы және басқа да фактілері белгілі болды. Экономикалық қылмыстармен күресті күшейту мәселесі онлайн режимде талқыланды.

Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Данияр Ақжановтың айтуынша, көлеңкелі экономиканы төмендету, бизнесті қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2020 жылға арналған Жол картасы жұмыс істеуде. Алты негізгі басымдықтар анықталған:

«Айналымды тоқтат» (қолма-қол ақшаға айналдыру және салық төлеуден жалтару);

«Казино» (заңсыз ойын бизнесі);

«Қазына» (Бюджет қаражатын ұрлау);

«Курьер» (контрабанда);

«Абайлаңыз: жалған ақша!»(жалған ақша жасау);

«Баррель» (мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы).

Өткен жылы Қарағанды облысында банктердегі ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру көлемі төмендеді, деп хабарлады Данияр Ақжанов. Жалған шот-фактураларды шығарумен айналысатын алты ҰҚТ қызметінің жолы кесілді.

«Өткен айда облыстық ҰҚКД көмегімен қылмыстық топ жойылды, ол 2018 жылғы қаңтардан бастап 2020 жылғы мамырға дейін Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында заңсыз ойын бизнесін жүргізген. Үш күдікті қамауға алынды, тергеу жүргізілуде. «Абайлаңыз: жалған ақша!« мамыр айында еліміздің әр өңірінде 500 еуро тұратын жалған купюраларды өткізудің көптеген фактілері бойынша қылмыстық істің 25 эпизоды сотқа жіберілді», - деді департамент басшысы.

Бұдан басқа, B2B Jewelry қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың қызметі тоқтатылды. Қылмыстық іс Алматыда тергелетін болады.

Департаменттің ақпараты бойынша, 2020 жылдың басынан бері Қарағанды облысында экономикалық қылмыстар бойынша 74 қылмыстық іс тіркелген.

Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметі бойынша, соңғы үш жылда көлеңкеден 1 300-ден астам тіркеуде жоқ кәсіпкер шығарылды. 63 мың литр көлемінде алкогольді, 11 мың қорап темекі өнімдерін, 503 554 литр мұнай өнімдерін заңсыз сатудың жолы кесілді.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек көлеңкелі экономикамен күрес бойынша өңірлік жоспар әзірлеуді тапсырды.

«Соңғы үш жылда белгілі бір үрдістер бар. Бірақ көлеңкелі экономиканың үлесі жоғары болып қалуда - шамамен 25%. Шараларды күшейту қажет. Еңбек қатынастары мәселелерін қамтыңыздар. Конверттердегі жалақы әлі де бар екенін мойындау керек. Мәселе өзекті. Жүйелі тәсіл қажет», - деп түйіндеді Жеңіс Қасымбек.


Соңғы жаңалықтар