Қарағанды облысында 7-сынып оқушысы Сәкен Сейфулиннің 70 өлеңін жатқа оқыды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласында С. Сейфуллин атындағы театрдың сахнасында «Сәкен оқулары» атты бірінші облыстық мәнерлеп оқу сайысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оған облыс бойынша 50-ге жуық оқушы қатысты.

Биылғы жылы Қазақ әдебиетінің негізін салушы, ақын, жазушы, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толады. Осы күнге орай облыста алғаш рет Сәкен оқулары ұйымдастырылды.

«Облыстық турға ең үздік, аудандық және қалалық кезеңдердің жеңімпаздары қатысады», - деді шараның ашылу салтанатында Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев.

Байқауға 7-10 сынып оқушылары қатысты. Олар «Сыр сандықты ашып қара» және «Сәкеннің ән сандығы» номинациялары бойынша өнер көрсетті.

Бірінші номинация бойынша қатысушылар Сәкен Сейфуллиннің шығармаларын жатқа оқыды. Екінші кезеңде оның өлеңдеріне ән шырқады.
null

Жезді кентінен келген қатысушы, оныншы сынып оқушысы Сағыныш Баркен финалға барынша дайындалған екен. Ол ақынның 44 өлеңін жатқа оқыды.

«Аудандық турға 16 адам қатысып, Мен бірінші орын алдым. Байқау үшін мен Сәкен Сейфуллиннің прозасында 44 өлең, 5 поэма және 2 шығарма дайындадым. Менің сүйікті өлеңім - «Сыр сандық». Ол оңай жатталады, достық туралы сыр шертеді», - дейді Сағыныш Баркен.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, «Сәкен оқулары» мәнерлеп оқу байқауының басты мақсаты - ақынның шығармаларын насихаттау, оқушылардың мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту.
null

«Мен Сәкеннің туған жерінде оның мерейтойы аталып өтіп жатқанына қуаныштымын. Өзінің қысқа ғұмырында Сәкен өзінен кейінгі ұрпаққа үлкен із қалдырып үлгерді. Біздің балаларымыз мұны білуі керек және оны есте сақтаулары тиіс. Бұл байқау жыл сайын өткізілсе деген тілегіміз бар. Болашақта да республикалық маңызға ие болады деп үміттенеміз», - деді қазылар алқасының төрағасы, ақын, филология ғылымдарының докторы Күләш Ахметова.

Байқау қорытындысы бойынша «Сыр сандықты ашып қара» номинациясы бойынша С. Сейфуллин атындағы мектептің 7 сынып оқушысы Жасмин Әбдірахман үздік атанды (Шет ауданы). Ол ақынның 70 өлеңін жатқа біледі. «Сәкеннің ән сандығы» номинациясы бойынша облыстық мамандандырылған музыка мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Аружан Сапан жеңімпаз атанды.

Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар, ал барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

Соңғы жаңалықтар