Қарағанды облысында 7 мыңнан астам түлек мектеп бітірді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Қарағанды облысында 7 543 түлек үшін соңғы қоңырау соғылды. Өңір басшысы Ерлан Қошанов түлектерді құттықтау үшін Шет ауданының Жарық ауылындағы мектепке барып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов түлектерді құттықтау үшін Шет ауданының Жарық ауылындағы тәлім алған мектебіне келді. Мұнда биыл 34 он бірінші сынып оқушылары үшін соңғы қоңырау соғылды. Олардың үшеуі «Алтын белгіге» үміткер.

«Бүгін мен сіздерді әр адамның өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірімен құттықтау үшін арнайы келдім. Мен Қарағанды облысының барлық түлектерін мектеп бітіруімен құттықтағым келеді. Сіздердің алдарыңызда барлық жолдар ашылды. Мемлекет жастарға барлық мүмкіндіктерді жасауда - оқуға гранттар бар. Дәл қазір алдарыңызда тұрған басты мәселе - «келешекте кім боламын?» деген сұраққа жауап іздеу. Менің ойымша, сіздер дұрыс таңдау жасап, өз жолдарыңызды таба аласыздар», - деді Ерлан Қошанов.

Өңір басшысы түлектерге уақытты бағалап, алға қойған мақсаттарға еш күмәнсіз қадам басуға кеңес берді. Ал осы түлектерге тәлім-тәрбие берген мұғалімдерге алғыс хат, педагогикалық еңбек ардагерлеріне - облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.

Сыйлыққа сондай-ақ ауылдық мектеп екі интерактивті тақта сатып алуға сертификат алды.

Мектеп бітірушілерді ардагер-ұстаз Мағфуза Сәбитова қарсы алды. Жарты ғасыр шамасында ол осы мектептің оқушыларына математикадан сабақ берген.

Балалардың айтуынша, олардың барлығы қандай мамандықты меңгеретінін таңдап үлгенген. 21 түлек жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ тапсырады. Мектеп бітірушілердің көбісі қарағандылық университеттерге барғысы келеді.

«Алтын белгіге» үміткерлердің бірі Аружан Ысқақова Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне «Есеп және аудит» мамандығына құжат тапсыратынын айтты.

Бұл күні ауылда Түлектер аллеясы салынды. Он бірінші сынып оқушылары мектеп жанында ағаштар отырғызды.

Соңғы қоңырау мерекесі облыстағы 512 мектепте өтті, 7 543 түлек мектеп қабырғасынан үлкен өмірге қадам басты. 296 түлек «Алтын белгі», 241 түлек үздік аттестатқа үміткер.

28 мамырдан 7 маусымға дейін он бірінші сынып оқушылары орта білім туралы аттестат алуға емтихан тапсырады.

20 маусым мен 5 шілде аралығында Қазақстан бойынша ҰБТ өтеді. Мамыр айының соңында облыс бойынша нақты мерзімдер белгілі болады. Өңірде бес жоғары оқу орны мен он жалпы білім беретін мектептерде тестілеу пунктері ұйымдастырылады. ҰБТ тапсыруға түлектердің 70%-ы, яғни 5 268 оқушы ниет білдірді.

Соңғы жаңалықтар