Қарағанды облысында 6 елдің спортшылары ережесіз жекпе-жектен өткізілген турнирде күш сынасты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында «Каскад» демалыс аймағында «Abadan» ережесіз жекпе –жектен халықаралық турнирі өтті. Сайыс Нұркен Әбдіровтің 100 жылдығына арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Турнирдің ұйымдастырушысы – «Abadan» күрес клубы. Жарысқа Қазақстаннан, Ауғанстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Қырғызстаннан және Ресейден жиналған 20 спортшы қатысты.

«Бұл дәстүрлі турнир жетінші рет өткізілді. Және де біз оны алғаш рет Қарқаралы қаласында өткіздік. Сайыстың алдыңғы алтауы Қарағандыда өткен болатын. Бірақ енді жыл сайын жазда бір турнирді дәл осы жерде өткіземіз», - деді турнирдің ұйымдастырушысы, «Abadan» клубының жетекшісі Нұрлан Қалтаев.

Турнир қорытындысы бойынша «Abadan Fighting Championship» додасының бас чемпиондық белбеулерін Шымкенттен Бекжан Өтемісов пен Нұр-Сұлтан қаласынан Әли Қабдолла ие болды. Бекжан Өтемісов қарағандылық Олег Удодпен болған кездесуде жеңіске жетті. Ал Әли Қабдолла Өзбекстаннан келген спортшы Хусниддин Махсудовты жеңді.

Бұдан басқа алматылық Мейір Әбілғазиев Тәжікстаннан келген Джонон Сафаровты жеңіп шықты. Ал Қырғызстаннан келген Жақып Туғанбаев алматылық Әшімхан Мәуленді жеңді. Ресейлік Кирилл Шабанов Тәжікстаннан келген Джалоллидин Джуревтен жеңіліп қалды. Қайрат Нұрбай уулу Сұлтан Жолдошбек уулуға жол берді. Қарағандылық Жантас Қожанәсіп Ауғанстаннан келген Мирюбай Хайдармен болған кездесуде жеңіске жетті. Жорабек Тешебаев алматылық Мырзам Еркенбековпен болған кездесуде басым түсті. Майрбек Берсанов қарағандылық Мирас Мұхамеджановтан жеңіліп қалды. Ал алматылық Аян Айтуғанов қарағандылық Бауыржан Қуанышбаевқа есе жіберді.

Соңғы жаңалықтар