Қарағанды облысында 6 айлық сәби коронавирус жұқтырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарағанды, Павлодар, Қызылорда облыстарында коронавирус инфекциясына шалдығудың жаңа оқиғалары туралы мәлімет берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат coronavirus2020.kz сайтының Telegram-каналына сілтеме жасап.

17 сәуір, сағат 10.05-тегі соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда індетті жұқтырғандардың жалпы саны 1470-ке жетті. Оның ішінде Қарағанды облысында – 3, Павлодар облысында – 2 және Қызылорда облысында 9 оқиға жаңадан тіркелді.

Қарағанды облысында анықталған 3 науқастың бірі - 6 айлық бала. Жағдай Қарағанды қаласында тіркелді. Індетті жұқтырған оның ата-анасы инфекциялық госпитальда жатқан. Бала провизорлық госпитальда болды.

Екінші науқас - 41 жастағы Қарағанды тұрғыны. Инфекция жұқтырғандармен байланыста болған. Соған орай, провизорлық госпитальге орналастырылған еді.

Үшінші науқас - 19 жастағы Теміртау тұрғыны. Ол да науқастармен жақын байланыста болған.

Қарағанды облысында осы уақытта науқастардың жалпы саны 87 адамға жетті.

Павлодар облысында тіркелген екі науқастың бірі 71 жастағы Екібастұз тұрғыны. Ол бірден провизорлық госпитальға жеткізілген. Ер адамның сөзінше, ол бес күн бойы ауырған. Бірақ медициналық көмекке жүгінбеген.

Екінші науқас – 42 жастағы Павлодар қаласының тұрғыны.

«15 сәуірде ол ЖРВИ диагнозымен провизорлық пульмонологиялық госпитальға жеткізілді. Әйелдің айтуынша, ол шетелге шықпаған, КВИ жұқтырғандармен байланыста болмаған», - делінген ақпаратта.

Соңғы дерек бойынша, Павлодар облысында коронавируспен барлығы 15 адам тіркелген.

Қызылорда облысында бірден 9 жағдай анықталды. Науқастардың барлығы Жаңақорған ауданының тұрғындары.

Ауру жұқтырғандардың үшеуі - 30-53 жас аралығындағы әйелдер. Алтауы - ер адамдар, олардың арасында ең үлкені - 83 жаста.

«8 адам коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен байланыста болған. Ал 1 адамның індетті қалай жұқтырғаны бойынша эпидемиологиялық зерттеу жүргізілуде. Олармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып жатыр», - делінген мәліметте.

Қызылорда облысында жаңа вирусқа шалдыққандардың жалпы саны 143 адамға жетті.


Соңғы жаңалықтар