Қарағанды облысында 6 айға дейінгі сәбилердің жартысына жуығы анасының сүтімен қоректенеді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда дүниежүзілік емізу аптасы өтіп жатыр. БҰҰ Балалар қорынан хабарлағандай, Қазақстанда аналардың 37% сәбилерін жарты жылға дейін емізеді, деп хабарлайды қазАқпарат тілшісі.

UNICEF мәліметтеріне сәйкес, ана сүтінен бас тарту жұқпалы және тыныс алу жолдары ауруларына, гипотермия және диареяға соқтыруы мүмкін.

«Сәбиді туа сала кеудеге салу өте маңызды. Себебі ана сүтінде балаларды көптеген жұқпалы аурулардан қорғайтын иммуноглобулиндер мен иммундық клеткалар бар және де баланың бойының өсуіне, дамуына әсер ететін заттар бар, сонымен қатар ол ми мен интеллектің дұрыс қалыптасуын қамтамасыз етеді. Емізуді жүкті әйелдерге есепке тұрғанда емханада үйрете бастайды, кейін перзентханада жалғасады. Босанған әйел үйіне келгенде бұл процессті учаскелік медбике қадағалайды», - дейді Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала бөлімі жетекшісінің орынбасары Гүлбан Мамалинова

Емізу ананың да, баланың да денсаулығы үшін пайдалы. Әйелдерде омырау, аналық без қатерлі ісіктерінің, диабеттің екі типі мен жүрек аураларының дамуы төмендейді, ал сәбиде жұқпалы және тыныс алу жолдары аурулары азаяды.

1997 жылдан бастап Қазақстанда емізуді қолдау, ынталандыру және қорғау бойынша мақсатты мемлекеттік саясат жүргізіліп келеді. 10 жыл бұрын баланы алты айға дейін әйелдердің тек 16% емізсе, қазір бұл сан 37% жеткен.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен UNICEF сәбилі аналарға мынадай кеңес береді: Алғаш рет сәбиді туғаннан соң бір сағат ішінде емізуді; тек қана табиғи сүт беруді, яғни балаға ана сүтінен басқа ешнәрсе бермеуді; сәби қалаған кезде емізуді, яғни ол қаншалықты жиілікте қаласа, күндіз де түнде де емізуді; бөтелке немесе емізікті қолданбауды ескертеді.

Жаңа туған сәбилер үшін ана сүті табиғи алғашқы тағам. Оның құрамында балаға өмірінің алғашқы айларында қажет қоректік заттар мен энергия бар, және де бала өмірінің екінші жартыжылдығында жартылай, ал екі жасқа келгенше үштен бір бөлікке осы қажетті әрі пайдалы заттармен қамтуды жалғастырады.

Ана сүті баланың сенсорлық және танымдық қабілетін дамытуға ықпал етеді, баланы жұқпалы және созылмалы аурулардан қорғайды. Тек қана ана сүтін еметін сәбилердің жұқпалы балалар аурулары, атап айтқанда: диарея мен пневмония салдарынан өлімін азайтады, және де тезірек жазылуына ықпал етеді.

Сонымен қатар емізу ана денсаулығына да пайдалы. Ол бала туу арасындағы алшақтыққа, аналық без бен кеуде қатерлі ісіктерінің дамуын төмендетуге әсерін тигізіп, отбасылық және ұлттық ресурстарды арттырады, әрі сәбиді тамақтандырудың ең сенімді әдісі болып табылады және қоршаған орта үшін зияны жоқ.


Соңғы жаңалықтар