Қарағанды облысында 27 жылқыны ұрлаған күдікті ұсталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Қарқаралы аудандық полиция қызметкерлері жергілікті тұрғынға 8 миллион теңгеден астам шығын келтірген барымташы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы жылдың мамыр айында Қарқаралы аудандық полиция бөліміне 37 жастағы аудан тұрғыны шағымданып, 2018 жылдың желтоқсан айымен 2019 жылдың қаңтар айы аралығында Бақты ауылынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан жайылымнан 27 жылқысы жоғалғаны туралы арызданған. Мал иесі шығынды 8,4 млн теңгеге бағалаған.

Айта кету керек ол 4 айға жуық уақыт бойы жоғалған жылқыны іздеп, таба алмаған соң полицияға арызданып, қылмысты жедел ашу мүмкіндігін жоғалтқан.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері қылмысты ашу үшін Қарқаралы ауданына қарасты барлық қыстақтарды тексерді.

«Криминалдық полиция бөлімі қызметкерлері жүргізген жедел алдын алу іс-шаралары барысында аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Томар ауылының бұрын осындай іспен тәртіп сақшыларының назарына іліккен 35 жастағы тұрғыны анықталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметіндегілер.

Тәртіп сақшылары малға сақтықпен қарау керектігін ескертеді. Көп жағдайларда бағылмай қараусыз жүрген мал ұрланады. Оған қоса бірнеше айға дейін мал қораға қамалмайды. Барымташылар осындай жағдайды пайдаланып кетеді. Сондықтан полиция шаруа қожалықтарының иелеріне мал бағуды ұйымдастырып, ен салып, жайылым жерлерін бақылауға алуды, сонымен қатар ұрлық болған жағдайда бірден полицияға хабарласуды сұрайды.

Соңғы жаңалықтар