Қарағанды облысында 19 қазаннан бастап санитарлық бекеттер орнатылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін карантиндік шараларды күшейту туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Saryarqa телеарнасында тікелей эфирде өткен брифингте Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті департаменті басшысының м.а. Юрий Залыгин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, 19 қазаннан бастап облыстың периметрі бойынша 8 санитарлық бекет орнатылады. Онда полиция қызметкерлері мен дәрігерлер кезекшілік етеді.

Мәлім етілгендей, көрші облыстарда сырқаттанушылықтың өсуіне байланысты алдын алу шарасы ретінде 19 қазан күні сағат 00.00-ден бастап өңірде санитарлық бекеттер орнату туралы шешім қабылданды. Облыс бойынша сегіз бекет болады: Жезқазған, Ұлытау, Нұра, Осакаров, Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарында және Приозерск қаласында.

Жүргізушілер мен жолаушылардың денсаулық жағдайын дәрігерлер полиция қызметкерлерімен бірге тексереді. Бақылау термометрия мен сауалнаманы қамтиды.

Кіреберістерде, лифтілер мен паркингтерде тәулігіне кемінде екі рет профилактикалық дезинфекциялау және ылғалды тазалық жұмыстары жүргізіледі.

Күн сайын балалар мен аула алаңдары дезинфекцияланады.

65 жастан асқан адамдарға қозғалысты шектеу ұсынылады.
Мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарда қызметшілердің 50% қашықтан жұмыс форматына көшіріледі (штатында 30-дан астам қызметкері бар).
Шетелге шығатын туристермен ақпараттық жұмысты күшейту талап етіледі.

«Ереже бұзушылықтарды нақты уақыт режимінде тіркеу үшін сауда,ойын-сауық орталықтарында, сауда үйлерінде, желілік дүкендерде, қоғамдық тамақтану пунктерінде (50-ден астам отыратын орын бар) бейнекамералар орнату ұсынылды.
Өнеркәсіптік кәсіпорындарда, автовокзалдар мен автобекеттерде стационарлық тепловизорлар мен ақылды бейнебақылау жүйелерін орнату талап етіледі.
Жолаушылар көлігіне жүктемені төмендету мақсатында кәсіпорындар мен ұйымдардың сараланған жұмыс кестесі бойынша мәселе шешілетін болады.
Өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары өз қызметкерлерін жұмысқа және үйге жеткізуді ұйымдастыруы керек», - деді спикер.

Сондай-ақ атап өтілгендей, о блыста еріктілер зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету жұмыстарын қайта жандандыратын болады.

Бетперделік режимнің, санитариялық-дезинфекциялық талаптардың сақталуын бақылау күшейтіледі.
Ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік, салтанатты және басқа да бұқаралық іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу), оның ішінде үйде өткізуге тыйым салынады.

Ойын-сауық мекемелерінің (караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, жабық үй-жайлардағы балалар ойын алаңдары мен аттракциондары, батуттар және т.б.), кинотеатрлардың (ашық кинотеатрлардан басқа), букмекерлік кеңселердің жұмысына әлі де рұқсат етілмейді.

Карантин кезінде мобильді топтар 17 мыңнан астам нысанды қамти отырып, 3440 рейд жүргізді. 970-тен астам бұзушылық анықталды. Тәртіп бұзушыларға қатысты 101 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Юрий Залыгин тұрғындарды карантиндік талаптарды сақтауға шақырды: « Вирус әлі де қауіпті. Үйден қажет болмаған жағдайда шықпаңыздар, көпшілік жиналатын жерден аулақ болыңыздар, әлеуметтік қашықтық пен маска режимін сақтаңыздар» , - деді ол.


Соңғы жаңалықтар