Қарағанды облысында 18 сәуірден бастап шектеу шаралары күшейтіледі

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында 18 сәуірде сағат 00.00-ден бастап күшейтілген шектеу шаралары енгізілуде. Кешкі 22.00-ден таңғы 5-ке дейін карантин аймағының ішінде жеке көлікпен жүруге болмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шектеу шараларын күшейту шеңберінде Теміртау қаласында жеке көлікпен жүруге толықтай тыйым салынады. Бұл туралы Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Асқаров хабарлады.

«Коронавирус дертін жұқтырғандарға талдау жасаудың нәтижесі карантин кезеңінде тыйым салудың бұзылатынын көрсетеді: жаппай отбасылық, естелік, мерекелік іс-шараларға бірлесіп қатысқан науқастармен қарым-қатынаста болған адамдардың жұқтыру фактілері тіркелген. Қабылданған шараларға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Себебі олар қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты», - деп атап өтті облыстың бас санитарлық дәрігері.

Жаңа ережелер 18 сәуір күні сағат 00.00-ден бастап Қарағанды облысының барлық аумағында күшіне енеді. Жедел әрекет ету орталығының электрондық дерекқорына енгізілгендерді қоспағанда, адамдар мен автокөліктердің облыс аудандары мен қалаларынан тыс жерлерге келуіне және шығуына тыйым салынады. Облыстың барлық аудандары мен қалаларының арасында блок бекеттер орнатылуы тиіс.

Кешкі 10-нан таңғы 5-ке дейін карантин аймағының ішінде жеке автокөлікпен жүруге болмайды. Тыйым салу шарасы төтенше жағдай кезеңі аралығында қолданылады.

Теміртауда жеке автокөліктермен жүруге толықтай тыйым салынады. Естеріңізге сала кетейік, осындай шешім Шахтинск қаласы бойынша да қабылданған. Теміртау және Шахтинск аймағында өз көлігімен тек азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті тауарларды жеткізетін курьерлерге ғана уақытша жүруге рұқсат етіледі.

Барлық қалалар мен аудандардың тұрғындары қозғалысын толықтай доғаруы қажет. Тек келесі әрекеттерді есептемегенде:

1) Қызметі рұқсат етілген ұйымдардың қызметкерлеріне ғана тұрғылықты жерінен жұмысқа дейін және кері қайту. Бұл жағдайда олар электрондық деректер базасына енгізілуі тиіс.

2) дүкендерге және дәріханаларғаа тұратын жерінен бір жарым шақырымнан аспайтын радиуста азық-түлік, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар сатып алу;

3) иттерді серуендету (радиусы - 500 метр);

4) банк операцияларын жасау;

5) шұғыл жағдайда медициналық мекемеге бару.

65 жастан асқан адамдарға қажеті болмаса далаға шығуды шектеу ұсынылады.

Ветеринарлық-санитарлық нормаларды сақтай отырып, малды жаюға рұқсат етілген.

Барлық азық-түлік супермаркеттері, дүкендер мен базарлар 22.00-ден кейін жұмыс істемеуі тиіс.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде қызмет көрсетпейтін медициналық ұйымдардың қызметі тоқтатыла тұрады.

Дезинфекция режимі күшейтіледі. Азық-түлік базарлары, жаяу жүргіншілер жолдары, көлік жүретін бөліктер, аялдама павильондары және оларға іргелес жатқан аумақтар өңделетін болады.

Барлық меншік түріндегі, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің басшылары мүмкіндігінше қызметкерлердің жалақысы мен жұмыс орындарын сақтай отырып, қызметкерлерді қашықтан жұмыс режиміне көшіру қажет.

Мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда қызметкерлерді ақылы демалысқа жіберу немесе барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, қызметкерлерді тұратын жерінен жұмыс орнына дейін және кері қарай орталықтандырылған тасымалдауды ұйымдастыру қажет.

Облыстың діни қауымдарына барлық бұқаралық іс-шараларды толығымен тоқтатуды және мүмкіндігінше карантин уақытына келетін маңызды діни даталарды онлайн режимде мерекелеп, өткізу ұсынылды.

«Саяжайлар мәселесі қазір қарастырылуда, бірақ көптеген сын-қатер бар. Жақында Алматы облысындағы төрт саяжай ауылы карантинге жабылды, онда тоғыз коронавирусты инфекция оқиғасы анықталды. Бағбандардың негізгі бөлігі - егде жастағы адамдар, ауру жұқтыру қаупіне бейім зейнеткерлер. Естеріңізде болсын, көп нәрсе сіздердің әрқайсыңыздың жауапкершілігіңізге байланысты. Өзіңізге қауіп төндіргеннен гөрі саяжай маусымын кешірек бастаған дұрыс», - деді Қанат Асқаров.

Облыстың барлық карантиндік қалалары мен аудандарында патрульдер күшейтіледі. Полицейлер карантиндік аймақтың периметрі бойынша тәулік бойы кезекшілік етеді. Саябақтар мен гүлзарларда патрульдеу жүргізіледі. Тәртіп сақшылары карантин ережелерін бұзушыларға әкімшілік шара қолдануға құқылы.

Соңғы жаңалықтар