Қарағанды облысында 11 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Ақадыр кентінде 11 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлады. Енді олар үлкен, абаттандырылған, жиһазбен жабдықталған өз үйлерінде тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әр үйдің жанында жер учаскесі мен шаруашылық құрылыстары бар. Бақша егіп, үй шаруашылығын жүргізуге болады.

Фарида Көмекованың отбасында жеті бала бар. Бұл күнді ол ұзақ жылдар бойы күтті. Бұрын отбасы жалдамалы екі бөлмеде тұрып келген болатын. Енді жанұя 12 сотық жер учаскесі бар үлкен төрт бөлмелі үйде қоныс тойын тойлады.null null

«Күйеуім екеуміз де жұмыс істейміз, бірақ біз үшін баспаналы болу - шешілмеген қиын мәселе болған еді. Бүгін - біз үшін ең бақытты күн!» - дейді көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері Фарида Көмекова.

Ләззат Ахмағанбетова тұрғын үй алу кезегінде 13 жыл тұрған. Оның бес баласы бар. Енді ол да өзінің 4 бөлмелі үйіне қоныстанады.

«Мен соңғы күнге дейін баспаналы болатынымызға сене алмадым!» - деп қуанышымен бөлісті көпбалалы ана.

Жаңа қоныстанушыларға кілт табыстау нағыз мерекеге айналды. Салтанатты рәсімге Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов пен «Астана Моторс» компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов келді. Осы компанияның арқасында ауыл тұрғындары баспаналы болып отыр. Бұл үйлерді «Астана Моторс» өз есебінен жөндеп, абаттандырып, оларды көпбалалы және көмекке мұқтаж отбасыларға сыйға тартты. null

Ерлан Қошанов Елбасының тапсырмасы бойынша өңірде көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Бұл жанұялардың әрқайсысы үшін ең өзекті мәселе - баспана. Бұл мәселені шешуге кәсіпкерлер көмектесуде. Биыл кезекте тұрғандар қатарынан 700 отбасы пәтер кілттерін алады. Оның үштен бірі бизнесмендердің көмегімен жаңа баспанаға қоныстанады.

«Тәуелсіздігіміз қалыптаса бастағаннан бері мемлекет кәсіпкерлерді қолдап келеді. Бүгінде бизнес аяғына нық тұрып, мемлекетке әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесетін кез келді. Балаларымыз бен немерелеріміз осындай адамдарды үлгі ете отырып, өсіп-өнуі тиіс. Дәл осындай шаралар «Туған жер» идеясын - әр азамат өзінің туған жеріне, отанына көмек көрсету керектігін нақты мысал ретінде көрсетеді», - деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Ол «Астана Моторс» компаниясына көпбалалы отбасыларға көмек көрсеткені үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, жергілікті мектептің талантты түлектері еліміздің үздік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болғаны үшін де ризашылығын білдірді. Оған Нұрлан Смағұлов құрған Білім қоры көмектеседі.null

«Ақадыр - менің кіші Отаным. Бұл жерде менің әкем өсіп, балалық шағын өткізген. Бұл жер - менің ата-бабаларым үшін ыстық мекен. Табысқа жеткен кез келген адам өзінің Отаны алдындағы қарызын қайтаруы тиіс. Мен бүгін өз туыстарыма көмектесіп жатқаныма қуаныштымын. Біздің компания қайырымдылықпен белсенді түрде айналысады, адамдарға көмектеседі. Бұл - біздің тұжырымдамамыз, біздің өмір салтымыз және біздің философиямыз», - деді Нұрлан Смағұлов.

Ол компания бұдан әрі Ақадыр тұрғындарына көмектесетінін айтып, уәде берді. 2011 жылы «Астана Моторс» балалар-жасөспірімдер спорт мектебін салды. Онда балалар бассейні мен күрес залы бар. Спорттық нысанда дзюдо, самбо, қазақша күрес, футбол чемпионаттары өтеді. Мектеп тәрбиеленушілері әрдайым халықаралық жарыстарға шығып, жүлделі орындарға ие болады.null null

Биыл Ақадыр кентінде 70 пәтерлі тұрғын үй қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Қоныстанушылар арасында көпбалалы отбасылар да болды. Олардың барлығы тұрғын үй алуға кезекте тұрғандар тізімінде болған. Шет ауданында барлығы 41 көпбалалы отбасы тұрады.

Биыл кентте 32 пәтерлі үй салынады. Келесі жылы тағы екі көпқабатты үй пайдалануға беріледі.

Соңғы жаңалықтар