Қарағанды облысында 102 мыңнан астам адам 42 500 теңге әлеуметтік төлем алды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында 102 479 адам 42 500 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем алды. Өтінімдерді қабылдау 1 қыркүйекке дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда шілде айында қатаң карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты табысынан айырылған адамдарға 42 500 теңге төлене бастады. Жәрдемақы алуға 115 394 адам өтініш берген.

Облыста халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша 18 аудандық (қалалық) штаб жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 4 119 бос жұмыс орны бар. Бұл негізінен құрылысшылар мен қызмет көрсету мамандары сияқты жұмысшы мамандықтар. Сондай-ақ, мұғалімдер, медицина қызметкерлері және сияқты басқа да сұранысқа ие мамандықтар бар.

Егер қызметкер қандай да бір себеппен жұмыстан босатылса немесе қысқартылса, ол бос жұмыс орындарын ұсынатын жұмыспен қамту орталығына жүгінуі керек. Егер қолайлы жұмыс болмаса, онда үш күн ішінде азаматқа «жұмыссыз» мәртебесі беріледі де алты айға дейін жұмыссыз ретінде жәрдемақы төленеді.

Естеріңізге сала кетейік, бір жолғы төлем 42 500 теңге табысын толық жоғалтқан жағдайда ғана тағайындалады.

Жәрдемақыға жалақысы сақталмайтын, демалыста жүрген қызметкерлер (шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлерінен басқа, екінші деңгейлі банктердің, мемлекеттік заңды тұлғалардың қызметкерлерін қоспағанда) үміткер бола алады. Төлемді жеке кәсіпкерлер мен жеке тәжірибемен айналысатын адамдар, сондай-ақ азаматтық-құқықтық шарттар бойынша табыс алатындар және бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер де ала алады.

Қызметкерлер үшін жұмыс беруші өтінім беруі керек. Жеке кәсіпкерлер, жеке тәжірибемен айналысатын адамдар және фрилансерлер өз атынан өтінім бере алады.

Өтінімді мына мекенжайлар арқылы беруге болады:

- egov.kz «Электрондық үкіметтің» веб-порталы;

- 42500.enbek.kz порталы;

- телеграм-бот;

- 42500.enbek.kz Aitu қосымша мессенджерінде;

- екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары;

Сондай-ақ, әлеуметтік төлемдер проактивті форматта алынады. Бұл жағдайда 42 500 теңге тағайындауға өтінім талап етілмейді. Әлеуетті алушыға біржолғы төлемді тағайындауға келісім беру үшін ұялы байланыс құралдары арқылы СМС-хабарлама жіберіледі.

Өтінімдерді қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады. Оларды ресімдеу үшін электрондық-цифрлық қолтаңба қажет.

42 500 теңге табыстарын ішінара жоғалтқандар; мемлекеттік жәрдемақы және зейнетақы алушылар; 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында бірде-бір рет төлем жасамаған БЖТ төлеушілері; соңғы жартыжылдықта зейнетақы төлемдері жоқ азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін фрилансерлер; пенитенциарлық жүйе мекемелеріндегі тұлғалар ала алмайды.


Соңғы жаңалықтар