Қарағанды облысы жолдарында бір жарым жылда 200 адам көз жұмды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының прокуратурасы құқық қорғау және арнайы органдардың үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді. Басқосуда өңірдегі жол қауіпсіздігі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеңеске онлайн форматта уәкілетті мемлекеттік органдардың, облыстық және аудандық әкімдіктердің, сондай-ақ автожолдарға қызмет көрсету саласындағы ұйымдардың 80-нен астам өкілдері қатысты.

Соңғы бір жарым жылдың ішінде аймақтың жолдарында 200 адам қаза тауып, 800-ден астам адам мертігіп қалған.

Оның үштен бірі - белсенді еңбекке қабілетті жастағы адамдар және әрбір тоғызыншы жол-көлік оқиғасында балалар зардап шеккен.

Прокуратура жол апаттарының негізгі себебі - жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін саналы түрде елемеуі екенін атап өтті.

Өліммен аяқталған әрбір екінші жол апаты жылдамдықтың артуына байланысты орын алады. «Алматы – Екатеринбург» және «Қызылорда – Павлодар» республикалық жолдарында 44 адам қаза тапқан.

«Сонымен қатар, жол инфрақұрылымының қанағаттанарлықсыз жағдайы және құқық бұзушылардың жазасыздығы жол апаттарының артуына әсер етуде. Басқа да психологиялық/наркологиялық диспансерлерде есепте тұрған тұлғалардың көлікті басқаруы, жануарлардың, қоғамдық және арнайы көліктің қатысуымен болған жол апаттары, автомектептерде оқыту сапасына жеткілікті болмауы сияқты қатерлер де бар», - деп атап өтті прокуратурада.

Жалпы алғанда жол-көлік оқиғаларының 50% (554) бейнебақылау камералары жоқ немесе бүлінген, сондай-ақ жол белгілері жоқ елді мекендерде орын алады.

Теміртау, Жезқазған қалаларында бейнетіркеу жүйелері мүлдем жұмыс істемейді.

Сондықтан бірлескен міндеттердің бірі ретінде апатты учаскелерде бейнекамералар орнату үшін автожолдар мен жол қиылыстарына кешенді тексеру жүргізу белгіленді.

Жолда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бағасы арзан құралдарды, атап айтқанда жаяу жүргінші өткен кезде автоматты түрде қосылатын проекциялық жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату және жануарлар өткенде шағылысатын элементтерді пайдалану ұсынылды.

Отырыста оқиға орнында фототүсірілім жасау үшін дрон аппаратын пайдалана отырып, компьютерлік форматта ЖКО схемасын модельдеу мүмкіндігі талқыланды.

Бұл ЖКО бойынша материалдардың сапасы мен шынайылығын қамтамасыз етеді, оларды ресімдеу уақытын қысқартады және жол кептелісін азайтады.

Жергілікті атқарушы органдар мен полиция бұл бастаманы қолдады.

Отырыс қорытындысы бойынша жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді іс-шаралар жоспары әзірленді.

Оған барлық жаңалықтар мен ұсыныстар енгізілді. Жоспардың іске асырылу барысы бақыланады.


Соңғы жаңалықтар