Қарағанды облысы: ҰБТ-да қызына көмектескен аудандық білім бөлімінің басшысы жазаланды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Әдеп кодексінің талаптарын бұзған Осакаров ауданының білім беру бөлімінің басшысы Айнагүл Ақмағанбетоваға қатысты тергеу жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тергеу барысында, білім және ғылым министрлігінің "Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу туралы" бұйрығына сәйкес 2019 жылы 28 наурызда Осакаров ауданының № 12 орта мектебінің ғимаратында орта білім беру ұйымдарының 11-сынып бітірушілері үшін жоғары оқу орнына ақылы негізде қабылдауға Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілгені анықталды.

ҰБТ өткізу және ұйымдастыру үшін жоғарыда көрсетілген бұйрықпен Осакаров ауданы бойынша Мемлекеттік комиссияның құрамы бекітіліп, оның төрайымы Айнагүл Ақмағанбетова болған.

Тергеу барысында 28 наурызда ҰБТ тапсыратын оқушылар арасында Мемлекеттік комиссия төрайымы болып бекітілген білім бөлімі басшысының қызы Ақмағанбетова Аружанның да қатысқаны анықталды.

Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген ҰБТ өткізу Ережесінің 33-тармағына сәйкес мемлекеттік комиссия құрамына ҰБТ қатысушыларының жақын туыстары кірмеуі тиіс.

Алайда, осы нормаларға қарамастан, Мемлекеттік комиссияның құрамы өзгеріссіз қалған. Бұған қоса, қызметтік тексеру кезінде "Ұлттық тестілеу орталығы" ұсынған бейнежазбалары қаралды. Нәтижесінде мамандар ҰБТ кезінде кейбір тест тапсырушылардың смартфон пайдаланғаны анықталған, оның ішінде білім бөлімі басшысының қызы да бар.

Осылайша, жиналған материалдарды талдай келе, тексеруші мамандар бөлім басшысы мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі 5-тармағы 2, 3 және 11-тармақшаларының талаптарын бұзғанын анықтаған. Аталмыш тәртіптік іс департамент басшылығына қарауға беріліп, ереже бұзушыға қатаң сөгіс жарияланды.

Соңғы жаңалықтар