Қарағанды облысы: Мал іздеуге шығып, жоғалып кеткен екі адам табылмай жатыр
Осакаров ауданында апаттық-құтқару жұмыстары «Алматы-Екатеринбург», «Осакаровка-Молодежный» және «Осакаровка-Нұра» автожолдарында жүргізілді.
«Алматы-Екатеринбург» автожолынан Осакаровка кентіндегі жылыту пунктіне дейін жолаушылар автобусын алып жүру ұйымдастырылды. Халықаралық бағыттағы автобуста болған 29 адам жергілікті мәдениет үйінде орналастырылды. Олардың барлығы - Моңғолия азаматтары. Жолаушылардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болмады. Сонымен қатар қар құрсауынан 4 жеңіл автокөлік шығып, 11 адам құтқарылды.
Құтқару жұмыстары Қарағанды облысының ТЖД бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен жүргізілді.
Сондай-ақ, Осакаров ауданының Сенокосное ауылында қарда жүретін көлікпен мал іздеуге шығып, үйіне оралмаған екі адам іздестірілуде. Іздестіру-құтқару жұмыстары ТЖД басшылығының бақылауында.
«Қазақавтожол» ЖШС мәліметтері бойынша ауа райының нашарлауына байланысты (боран, жолдың нашар көрінуі) республикалық маңызы бар автожолдардың 8 учаскесінде автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды.
«Өткізу пункттерінде 261 техника (69-жүк, 175-жеңіл, 17-автобус) бар. Жолдарды тазалау үшін барлығы 184 техника мен 251 адам жұмылдырылды», - деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Ауа райының нашарлауы және автожолдардың жабық болуы туралы ақпарат барлық БАҚ-та, әлеуметтік желілерде, ТЖД ведомстволық интернет-ресурсында және «Дармен» мобильдік қосымшасында жедел түрде орналастырылады.