Қарағанды облысы аумағының 75 пайызы әлі қар астында жатыр

None
Фото: Қарағанды ​​облысының ТЖД баспасөз қызметі
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында су тасқынының алдын алу жұмыстары жүріп жатыр. Елді мекендерден қар шығарылып, нөсер және су өткізгіш құбырлар тазалануда. Өзендерде мұзды кесу және бұрғылау басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Су тасқыны жағдайы туралы аппараттық кеңесте облыстық ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов баяндады.

«Космомониторингтің мәліметінше, бүгінде облыс аумағының 75 % қар астында. Нұра өзенінің бассейні бойынша ылғал қорының көлемі орташа көпжылдық мәннен 28% жоғары, қалған өзендер нормадан 3-10% төмен. Облыстың ірі су қоймалары – Самарқан және Ынтымак су қоймаларынан – шығыны 5-8 текше метр/сек санитариялық төгінділер жүргізілуде. Елді мекендерден 2,1 млн текше метр қар шығарылды», – деп хабарлады ведомство басшысы.





Су тасқыны қаупі бар өңірлерде алдын алу шаралары жалғасып жатыр.

110 км су бұру траншеялары салынды, 158 км каналдар мен арықтар тазартылды, 3923 бірлік су өткізгіш құбырлар мен 398 көпір тазартылды.

Су тасқынына қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы қалалар мен аудандардың әкімдері де баяндады.

Облыс орталығында нөсер кәріздерін тазартуға баса назар аударылды. Солонка өзеніне санация жүргізілді.

Сонымен қатар, Оңтүстік-Шығыста, Мұқанов көшесінің бойында даладан еріген су ағындарын ұстап тұру үшін қорғаныс білігі жасалды.

Университет көшесінде су өткізгіштер тазаланып, бақылау камерасы орнатылды.

Қарағанды әкімі Мейрам Кожуховтың айтуынша, қажет болған жағдайда Тәттімбет көшесінің көпқабатты үйлерінің бойында қапшықтан қорғаныш білік салынады.



Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев алдын алу шаралары бойынша тапсырма берді.

«Су тасқыны процестері басталды. Тасқын сулардың апатсыз өтуі үшін су бұру, арықтар, науалар, нөсерлі кәріз жүйелерінің дайындығын барлық жерде қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, жеке аумақтарды қар мен қоқыстан тазарту бойынша халықпен түсіндіру жұмыстарын жандандырыңыз», – деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, барлық гидроқұрылыстардың дайындығы мен жұмысы тұрақты бақылауда.

Аптаның соңына дейін автожолдардағы су өткізу құрылыстарын тазалауды аяқтау қажет.




Соңғы жаңалықтар