Қарағанды облысы әкімінің орынбасары пышақтан жарақат алды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Әлеуметтік мессенджерлердің бірінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров пышақтан жарақат алғаны туралы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«26 мамырда сағат 05:30-да Қарағанды қаласының Орталық Полиция бөліміне жедел жәрдем қызметінен пышақтан жарақат алуына байланысты хабарлама келіп түсті. Анықталғандай, 1983 жылы туған Алмас Айдаров (облыс әкімінің орынбасары) абайсызда пышақпен оң жақ кеуде тұсынан терең емес жарақат алғаны белгілі болды. Жарақат алған азамат ешкімнің үстінен арыз жазбайтынын мәлімдеген.

А. Айдаровтың түсіндіруі бойынша торт кесіп жатқанда, абайсыздан қолындағы пышағы тайып кетіп, жарақаттанып қалған. Аталған дерек Қарағанды қалалық Полиция басқармасында сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне алынды», - делінген ақпаратта.

Бұл деректі Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі де растады. «Облыс әкімі орынбасарының жағдайы жақсы», деп сендірді баспасөз қызметіндегілер.

«А. Айдаровтың жағдайы туралы алаңдаушылық білдіргендеріңіз үшін рахмет. Бірақ уайымдауға еш себеп жоқ. Әкімнің орынбасары өзін жақсы сезінеді. Ертең әдеттегі режімде жұмысқа шығады», - деді облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Марина Шаповалова.

Алмас Айдаровтың Facebook-тегі парақшасында, аман-есен екенін, денсаулығына қатысты алаңдаушылық білдірген жандарға алғысын айтып жазба жариялады.

Соңғы жаңалықтар