Қарағанды облысы Абай ауданының әкімі болып Сәбит Оспанов тағайындалды

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Абай ауданының әкімі болып Сәбит Тімішұлы Оспанов тағайындалды.

Ол осы тағайындауға дейін Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметін атқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында әкім лауазымына кандидатурасын ұсынды.

Депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.

Ермағанбет Бөлекпаев жаңа әкімнің алдына бірқатар міндет қойды, оның ішінде – жылыту маусымының тұрақты өтуі, инженерлік желілерді қайта жаңартуды аяқтау және әлеуметтік нысандар салу, сондай-ақ жаңа өндірістерді ұлғайту, инвестициялар тарту және жастар кәсіпкерлігін қолдау.

«Тәжірибесі мен білімі Сәбит Тімішұлына ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық қойылған міндеттерін іске асыруға және проблемалық мәселелерді шешуге көмектесетініне сенімдімін. Тұрғындардың шағымдары мен сұрақтарына мұқият болыңыз», – деді облыс әкімі.

Сәбит Оспанов 1969 жылы туған. 2000 жылғы сәуірден бастап мемлекеттік қызметте. Бұқар Жырау ауданында түрлі лауазымдарды атқарды: Ульянов кенттік округі әкімінің орынбасары, кәсіпкерлік бөлімінің бастығы, Ботақара кентінің әкімі болды.

Содан кейін Абай қаласының әкімі, Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.

2016 жылдың қараша айында Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

2022 жылдың сәуірінен бастап осы уақытқа дейін Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болып жұмыс істеді.


Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Соңғы жаңалықтар