Қарағанды облысы Абай ауданында биыл 160-тан астам отбасы баспаналы болады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Абай қаласында аула аумақтарын абаттандыру бойынша белсенді жұмыстар жүріп жатыр. Заманауи балалар және спорт алаңдары орнатылып, тұрғын үйлер салынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Абай ауданына жұмыс сапары барысында қаланы абаттандыру жұмыстарымен танысып, шаруа қожалықтардың тыныс тіршілігімен танысты.

Өңір басшысы бірнеше үй орналасқан аулалардың бірінде болды. Жақында аумақ ретке келтірілді. Тұрғындар бұл өзгерістерді бірнеше жыл бойы күткен болатын. Жергілікті билік ойын алаңдарын орнатып қана қоймай, жолдың бір бөлігін кеңейтіп, асфальт төсеп, жол төсемдерінен жаяу жүргіншілер жолдарын жасады.

«Биыл қалада 6 аула абаттандырылды. 2025 жылға дейін біз жылына 5-6 ауланы абаттандырамыз. Сондай-ақ, биыл біз 8 шақырымнан астам жолды жөндедік. Төрт үлкен көшеге асфальт төселіп, жеке сектордың 10 көшесіне жол төселді», – деді Абай қаласының әкімі Медеу Ахметов.

Облыс әкімі өз кезегінде абаттандырылатын аулалар санын арттыруды тапсырды.

«Ретке келтірілуі тиіс аулалар аз қалды. Абаттандырылатын аулалардың үлесін жыл сайын 10-ға дейін жеткізіңіздер», – деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, облыс басшысы жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша тұрғын үй коммуналдық жаңғырту бағдарламасы аясында үйлердің бірін жөндеуді бастауды тапсырды. Адамдар ол бағдарламаға қатысып, үйлерінің шатырын жөндемекші.

Әкім Абай ауданының құрылыс алаңдарын да қарап шықты. Жеңіс даңғылында жеке инвестициялар есебінен 5 қабатты тұрғын үй салынуда. Құрылыс салушы 2022 жылы 45 пәтерді пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Биылғы жылы 168 отбасы пәтер кілттерін алады. Олардың 18-і жақында баспаналы болды. Оларға пәтерлер Топар кентінен бөлінді.

Жеңіс Қасымбек аудандағы егін жинау науқанының барысымен де танысты. Көксу ауылдық округінде «Астра-Агро LTD» ЖШС және «Шанс» шаруа қожалығында болды.

«Астра-Агро LTD» ЖШС – картоп тұқымының оригинаторы мәртебесіне ие Қазақстандағы жалғыз компания. Биыл фермерлер экспортқа 2 мың тоннаға жуық элиталық тұқым жіберді.

Абай ауданының әкімі Бауыржан Асановтың айтуынша, биыл астық жинау алқабы 40 мың гектарды, картоп – 5 902 гектарды, көкөніс – 1 001 гектарды құрайды.

«Абай ауданы Қарағанды облысы көлемінде 52,5% картоп және 61,9% көкөніс өндіреді. Егін жинау науқанына 108 астық жинайтын комбайн тартылған. Картоп жинауға 20 комбайн мен 25 жер қазатын техника қатысады», – деп атап өтті ол.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 2 500 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.

Ауданда 44 жеміс-көкөніс қоймасы және 24 астық қоймасы бар.

Абай ауданында жеті инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Осылайша, «Астра-Агро LTD» компаниясы 500 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салады. Оны пайдалануға беру 2023 жылға жоспарланған. Мұнда 30 жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

«Шанс» шаруа қожалығы да 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салып жатыр. Инвестиция есебінен мұнда құрама жем зауыты салынып, Petkus астық тазалау машинасы алынды.

Сапар соңында Жеңіс Қасымбек егін жинау кезінде жұмысты жоғары қарқында ұстап тұруды және құрылыс жұмыстарының сапасын бақылауды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар