Қарағанды облыстық ТЖД басшысының орынбасары қамауға алынды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - 200 мың теңге көлемінде пара алды деп күдіктелген Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Вадим Магамадов тұтқындалып, тергеу абақтысына қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Қарағандының № 1 Қазыбекби аудандық соты азаматтық қорғаныс полковнигі Магамадовқа қатысты екі ай мерзімге «қамауға алу» бұлтартпау шарасын санкциялады.

Қарағандының № 1 Қазыбекби аудандық сотының төрағасы Шахатбек Әбдіров Магамадовты тұтқындау туралы қаулыны жариялай отырып, сот санкциялау туралы мәселені қарастырған кезде дәлелдемелерге бағалау жүргізбегенін және оның кінәлі болу немесе кінәлі болмау дәрежесін анықтамағанын айтып өтті. Себебі тергеу енді басталды.

Бұл ретте, адвокат Магамадовты қамаудан босатуды және бас бостандығынан айырумен байланысты емес бұлтартпау шарасын қолдануды сұрады. Ол Магамадовтың кішкентай екі баласы барын алға тартты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай , 4 сәуір күні ҚР Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қарағанды облыстық департаменті  ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің облыстық  департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғаныс полковнигі В.Магамадовты ұстады.

Ұлттық бюро баспасөз қызметінің хабарлауынша, Магамадов кәсіпкерлік субъектілерінде анықталған өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзушылықтары үшін айыппұлдардың сомасын заңсыз төмендетіп отырған, сонымен бірге ұйғарымдардың орындалу мерзімін созғаны үшін заңсыз сыйақы алған.

Соңғы жаңалықтар