Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы болып Нұркен Кобжанов сайланды

None
Фото: gov.kz

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда VIIІ шақырылым депутаттарының қатысуымен облыстық мәслихаттың бірінші ұйымдастыру сессиясы өтті. Жаңа құрам облыстық мәслихат төрағасының кандидатурасын ұсынып, оған дауыс берді. Бұл қызметті осыған дейін Бұқар жырау ауданының әкімі болған Нұркен Кобжанов атқаратын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облыстық мәслихатының бірінші сессиясы сайлау қорытындыларын жариялаудан басталды. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нүркенов хабарлағандай, өңірде барлық деңгейдегі мәслихаттардың 214 депутаты сайланды.

«Облыстық мәслихатқа 36 депутат сайланды, оның ішінде партиялық тізімдер бойынша: «Amanat» партиясынан 10 депутат; «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан, «Қазақстан халық партиясынан» және «Aқ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан 2 депутаттан; Қазақстандық «Байтақ» жасылдар партиясынан және «Respublica» партиясынан 1 депутаттан. Облыстық мәслихатқа 18 депутат бір мандатты округ бойынша сайланды. Қалалық және аудандық мәслихаттарға 178 депутат сайланды», - деп атап өтті Қайрат Нүркенов.

Сайлау нәтижесінде Қарағанды облыстық мәслихатының құрамы жаңартылды. Алдыңғы шақырылымнан 8 депутат өкілеттіктерін сақтап қалды.

Сессияда жаңадан сайланған депутаттарға куәліктер мен төсбелгілер табысталды.

Қарағанды облыстық мәслихатының бірінші ұйымдастыру сессиясында күн тәртібіне бес сұрақ қойылды. Олардың ішіндегі ең бастысы – төрағаны сайлау. Жаңадан сайланған депутаттар Нүркен Қобжановтың кандидатурасын ұсынды және бірауыздан мақұлдады. Ол бұған дейін Бұқар жырау ауданының әкімі болған. Заңнамаға сәйкес өкілді органға ауысуына байланысты Нүркен Қобжанов аудан басшысы қызметінен босатылды.

«Мемлекеттік қызметте шамамен 17 жыл жұмыс істедім. Халықтың проблемаларын білемін, бұл мәселелерді өкілді органда көтеруді шештім. Бүгін отставкаға кету туралы өтініш беремін», - деді Нүркен Қобжанов.

Сондай-ақ, депутаттар тұрақты комиссияларға бөлініп, олардың төрағаларын сайлады.

Сессия барысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бірлесіп шешілетін міндеттерді белгіледі. Басымдықтардың қатарына жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті дамыту, қолжетімді баспана, сапалы денсаулық сақтау және білім беру жатады.

«Биыл біздің алдымызда 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құра отырып, жалпы өңірлік өнімді 2,4%-ға ұлғайту міндеті тұр. Ол үшін 147 млрд теңгеге 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланды. Сайлаушылар сіздердің алдарыңызға шешілуі тиіс бірқатар мәселе қойды. Бірлескен күш-жігердің арқасында өңірдің одан әрі дамуын қамтамасыз етіп, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыратынымызға сенімдімін», - деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.


Соңғы жаңалықтар