Қарағанды мұражайында ғарыш жайлы жәдігерлер бар

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Тұңғыш ғарышкер Юрий Гагариннің сөзі жазылған пластинканы, ғарышкерлердің қолтаңбалары бар фотосуреттерді және Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың әскери формасын Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан көруге болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

7 сәуірден бастап айдың соңына дейін «Ғарыш. Ғарышкерлер. Қарағанды – ғарыш айлағы» көрмесі өтеді. Аталған мұражай қорында ғарыш саласының дамуына қатысты көптеген материалдар сақталған. Олардың қатарында ғарышкерлер мен ғарыш экипаждарының жерге қонғандағы фотосуреттері, ресейлік ғарышкерлер Қарағанды мұражайына сыйға берген филателия, нумизматика, фалеристика топтамалары, тіпті ғарыштық азықтар сақталған тюбиктер бар.

Көптеген экспонаттар қорға «Мұражайға сыйлық» акциясының аясында жиналған. Бұл шараға 2019 жылы «Пластика және қозғалыс» студиясының тәрбиеленушілері белсене қатысқан. Олар мерейтойлық монеталарды, маркаларды, пошта конверттері мен ғарыш тақырыбындағы белгішелерді тапсырды.

«Қарағандылықтардың аға буыны да бұл шарадан бейжай қалған жоқ. Біздің қаламыздың тұрғыны Виктор Лавецкий ұзақ жылдар бойы Жезқазғанда жұмыс істеп, Қарағанды облысының аумағына қонған ғарышкерлермен бірнеше рет кездескен. Ол біздің мұражайға ғарышкерлер мен олардың ұшу күндері бейнеленген шағын плакаттар, осы тақырыптағы кітаптар, ғарыш аппараттарының қону орнынан фотоматериалдар және ғарышкерлердің қолтаңбалары бар конверттер сыйлады. Оның ішінде бірегей және құнды экспонат – Юрий Гагариннің ұшуға дейін және одан кейінгі сөзі бар иілгіш пластинкадағы жазба», – дейді қор бөлімінің аға ғылыми қызметкері Динара Сәкімбай.

Сонымен қатар, мұражайда ғарыштық орбитада болған Қарағанды қаласының елтаңбасы бар мата сақтаулы. Оны ғарышқа «Союз ТМА-12М» экипажы алып кеткен. 2014 жылы басқарылатын кеменің аппараты Жезқазған ауданына аман-есен қонды. Қарағандының 80 жылдығына арналған ғарышкерлердің қолтаңбасы бар мата мұражайға сыйға тартылды.

«Қону алаңы белгісіз» театр қойылымына арнайы тігілген ғарышкерлердің костюмдері де бар.

Көрмеге келушілер өздерін қызықтырған «ғарыштық» заттарды қолымен ұстап, олармен естелік суретке түсе алады.

«Экспонаттар шеруі» жобасы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының 90 жылдығына арналған. Жыл бойы мұнда ай сайын мұражай қоймаларынан тақырыптық көрмелер өтеді.


Соңғы жаңалықтар