Қарағанды мен Теміртаудың жылыту бекеттері қайда екенін картадан көруге болады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Халықты уақытша орналастыру және жылыту орындары туралы мәлімет электронды картаға енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қыстыгүні әртүрлі қолайсыз ауа райы жағдайында (боран, бұрқасын, тұман) автомобиль жолдары қауіпті.

Сондықтан автожолдардың кейбір учаскелерін жабу немесе онда қозғалысқа шектеу енгізу қажеттігі жиі туындайды.

Жүргізушілер мен жолаушылар қыс мезгілінде бірнеше сағатқа кептеліске түсіп қалуы мүмкін.

«Осыған байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алу, жүргізушілер мен жолаушылардың уақытша орналастыру және жылыту орындарын іздестіру процесін жеңілдету мақсатында Қарағанды облысының ТЖ департаменті «2ГИС анықтама – Карағанды» ЖШС-мен бірлесіп, анықтамалыққа халықты уақытша орналастыру және жылыту орындары туралы деректерді енгізді», - деп мәлімдеді Қарағанды облысы ТЖД азаматтық қорғау басқармасы.

Сондай-ақ, азаматтық қорғаудың аумақтық бөлімшелері халықты уақытша орналастыру және жылыту орындарының меншік иелері не мұқтаж жандарға қажетті жағдайды ұйымдастыру, оларға жүгінгендерді жылумен, ыстық шаймен қамтамасыз ету, демалыс орнын ұсыну қажеттігі туралы ұсынысхат жолдады.

Қажет болған жағдайда медициналық көмек көрсетіледі.

Қазіргі уақытта картада Қарағанды және Теміртау қалаларының 54 жылыту пункті бойынша деректер көрсетілген.

Сіз іздеу бағанында «жинау және уақытша орналастыру...» деген сөздерді теру арқылы жылыту пунктерін таба аласыз.


Соңғы жаңалықтар