Қарағанды мен Павлодар облыстарындағы 3 көпір құрылысы қашан аяқталады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қарағанды мен Павлодар облыстары аумағында салынып жатқан 3 көпір құрылысының әлі пайдалануға берілмегендігіне алаңдаушылық танытты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол картасы бойынша Қарағанды облысында 2 көпір және Павлодар облысында бір көпір салыну тиіс еді. Бұл жұмыс әлі де орындалған жоқ. Осы көпірлер қашан аяқталады?», - деп сұраған еді Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтан.

Сауалға жауап берген министр Қарағанды облысындағы Нұра өзенінен өтетін көпірдің құрылысы қазіргі уақытта 60 пайызға аяқталатынын айтады.

«Ондағы 7 аралық құрылыстың бесеуі толығымен бітті. Кеше мердігер компаниямен сөйлестік. Маусым айының соңына дейін темір-бетон құю жұмысын бітіреді. Сол маусым айында көпірмен көліктердің жүруіне мүмкіндік туындайды. Ал жалпы көпірдің құрылысы күзде аяқталады. Ал Соқыр өзені арқылы өтетін көпір құрылысы 80 пайызға орындалған. Қазір темір-бетон құю жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су тасқыны кезеңі басталғанға дейін, яғни наурыз айына дейін көпірмен көліктердің өтуі қамтамасыз етіледі», - деді ол.

Министрдің айтуынша, Павлодардағы Қалқаман-Баянауыл автожолындағы көпір құрылысы былтыр толығымен біткен.

«Көлік жүріп жатыр. Бірақ, жобаға өзгерістер енгізіліп, көпірге кіреберіс жолдарды жөндеу қарастырылған. Ол жұмыс биыл атқарылады. Жалпы көпірдің және жолдың құрылысы жылдың соңына дейін аяқталады», - деді Марат Қарабаев.


Соңғы жаңалықтар