Қарағанды мектебінде дау-дамай: Оқушы диспансерге жатқызылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Бүгін таңертең, 21 қыркүйек күні Қарағанды мамандандырылған балалар жүйке аурулары диспансеріне орта мектептің 4-сынып оқушысы жатқызылды. Оны сыныптастары өздерін ұрып-соқты, мұғалімдерге дөрекілік танытты деп айыптаған.

4 сынып оқушыларының ата-аналарының айтуынша, бала екі жылдан бері сабақтың өтуіне кедергі келтіріп, сыныптастарын жәбірлеп, педагогтарға дөрекілік танытып келген. «Оны оқудан шығару, полицияның арнайы есебіне қою мәселесі көтерілмей келді. Оның барлық әрекетін кешіріп келеді», - деп ашулануда балалардың ата-аналары.

Осыған байланысты ата-аналар 19 қыркүйек күні балаларын мектепке жібермей қойған. Мектеп әкімшілігі тез арада қажетті шаралар қолданған. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлмайра Наурызбекованың айтуынша, сабаққа сыныптың барлығы емес, тек оқушылардың бір бөлігі қатыспаған. «Біз баланың анасымен профилактикалық жұмыстар жүргіздік, учаскелік полиция инспекторымен кездестік. Қазір ол мамандандырылған балалар жүйке аурулары диспансеріне жатқызылды. Диагнозын дәрігерлер жариялай алмайды. Бүгіннен бастап ол бала мектепте жоқ. Сыныптағы оқу процесі қалпына келтірілді», - деп хабарлады директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлмайра Наурызбекова.

Баланың бұрын да мамандандырылған жүйке аурулары мекемесіне қаралғаны анықталды. Оның қалайша жай мектепке келгенін мектеп әкімшілігі түсіндіруден бас тартты. 

Соңғы жаңалықтар