Қарағанды мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатына 25 жыл толды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының ашылғанына 25 жыл толды. Осы жылдар ішінде 21 рет түлектерді үлкен өмір жолына шығарып салған, олардың ішінде 60-тан астам «Алтын белгі» иегерлері, 160 халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары бар. Бүгінгі таңда мектеп-интернатта 497 дарынды бала білім алуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

10-11 сынып оқушылары мектеп мерейтойына «Абай жолы» роман-эпопеясы бойынша спектакль ұсынды, ал бесінші сынып оқушылары мұғалімдермен бірге музыкалық шығармалар дайындады.

Сондай-ақ, мектептің туған күніне орай «Мұғалім – мектеп жүрегі» құрмет тақтасы ашылып, оқушылардың шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды.

«Біздің тәрбиеленушілеріміз жақсы қызмет атқарады, шетелде оқиды. Мектептің алғашқы оқушыларының бірі Мұрат Жұманбай - «Елбасы академиясы» КҚ басқарушы директоры, ал 2009 жылғы түлек Дарын Тельман - «Әлем студенті» атағына ие болған үш қазақстандықтың бірі, «Ғылым әлемін ашу» халықаралық конференциясының құрметті қонағы, сондай-ақ республикалық аэроғарыш конференциясының бірнеше дүркін жеңімпазы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім беру грантының иегері. 2010 жылғы түлегіміз Аян Нүсіпбеков Нобель сыйлығының лауреаты Ж. И. Алферовтың Қазақстандағы алғаш стипендиаты атанды, қазіргі уақытта Сингапурде докторлық дәреже алуға оқытудан өтіп жатыр», – деп мектеп директоры Ләззат Темірханова түлектердің жетістіктерін бөлісті.

Мектеп мерейтойына арналған салтанатты шарада оқушылардың жеңістері ғана емес, оқу орны ашылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейінгі мұғалімдердің жетістіктері де атап өтілді.


Соңғы жаңалықтар