Қарағанды қаласының Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімі берілетін болды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласының әкімдігі Октябрь ауданын Әлихан Бөкейхан атындағы аудан деп қайта атау жөнінде Қарағанды қалалық мәслихатына ұсыныс енгізді. Осыған орай қоғамдық кеңес ұйымдастырылып, оған 700-ге жуық адам қатысты. Жиналғандардың басым бөлігі ауданның қайта аталуын қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2021 жылғы 12 наурызда Қарағанды қалалық мәслихаты ауданды қайта атау бойынша Жария тыңдаулар өткізді.

Қоғамдық тыңдауларға қалалық мәслихат депутаттары, Қарағанды қаласының Қоғамдық кеңес мүшелері, қала тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысты.

Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 9 наурыздағы № 6-қ қаулысына сәйкес санитарлық нормаларды қамтамасыз ету үшін Майқұдық, Сұрыптау және Пришахтинскідегі 10 объектіде Жария тыңдаулар өткізілді. Алайда, ниет білдірушілер көп болғаны соншалық, микрофондар мен экрандар орнатылған қосымша алаңдар ұйымдастырылды. Барлығы 15 зал болды.

Барлық алаңдарда 685 қарағандылық қатысты. Алдын ала мәліметтер бойынша, көпшілік Октябрь ауданының атауын өзгертуді қолдап, дауыс берді.

«Ауданның атауын өзгерту – бұл идеология, руханият мәселесі. Біз санамызды жаңартып, алдымызға жаңа мақсаттар мен міндеттер қоюымыз керек», - деді қалалық мәслихат депутаты Берік Құлмағанбет.

«Қоғамдық тыңдаулардың қорытындысы бойынша қаланың Октябрь ауданын Əлихан Бөкейхан атындағы аудан етіп өзгерту туралы ұсыныс бірауыздан қолдау тапты деген хабарды мен зор қуанышпен қабылдадым! Барлық қарағандылықтарды осы айтулы оқиғамен құттықтаймын!», - деп жазды Facebook-тегі парақшасында қала әкімі Ермағанбет Бөлекбаев.

«Әкімдік тиісті қаулы шығарады, мәслихат талқылайды және шешім шығарады. Бұдан әрі құжаттар Республикалық ономастикалық комиссияға жіберіледі. Осы органмен келісім бойынша олар қайтадан облыс әкімдігіне жіберіледі, облыстық мәслихатта қаралады және әділет органдарында тіркеледі. Шешім жарияланғаннан кейін он күн өткен соң күшіне енеді», - деп түсіндірді қалалық мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанов.

Өткізілген көпшілік тыңдаулардың хаттамасы 7 жұмыс күні ішінде Қарағанды қалалық мәслихатының, Қарағанды қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылады және қала аумағында таратылатын БАҚ-та жарияланады.

Сондай-ақ Октябрь ауданын Әлихан Бөкейхан атындағы аудан деп қайта атау мәселесі Қарағанды қалалық мәслихаты сессиясының күн тәртібіне енгізілетін болады.


Соңғы жаңалықтар