Қарағанды ​​қаласының газ желілері ұлттық операторға берілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының арқасында ел астанасы мен орталық өңірлерді газдандыру жұмыстары қарқынды жалғасуда. Қарағанды ​​облысының әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өндірістік филиалы арасында облыс орталығында салынған газ тарату желілеріне сенімгерлік басқару шарты жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгінгі таңда 3 іске қосу кешені мен қала ішіндегі газ тарату желілері пайдалануға берілді. Бұл жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырды. Қарағандыда биылға жоспарланған 65 шақырым газ құбыры толық салынды. Ал облыс бойынша 1500 км газ құбырының 129 шақырымы дайын. Облыс орталығында осыған дейін көмір жағып келген 1505 жеке тұрғын үйді көгілдір отынға ауыстыруға мүмкіндік бар, ал өңір бойынша мұндай тұтынушылар саны – 2472.

Бүгінгі таңда Жезқазғанда 37 шақырымға жуық газ құбыры салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, жобада автоматты газ тарату стансасы мен газ қысымын реттеу пунктерінің құрылысы қарастырылған. Газбен жабдықтау жүйесінің 1-кезеңінде 519 абонент көгілдір отынға қосыла алады.

Теміртауда «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ сенімгерлік басқару шарты бойынша 27,8 шақырым газ құбыры берілді. Мұнда да жобаға сәйкес автоматты газ тарату стансасы мен газ қысымын реттеу пунктері салынып, бірінші кезеңде 448 абонент газбен қамтамасыз етіледі.

Бүгінгі таңда Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларында бірінші іске қосу кешендерінің құрылысы толық аяқталды, екінші кешендердің құрылысы жүргізілуде.

2019 жылдың қараша айында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қарағанды ​​өндірістік филиалы жұмысын бастады. Мекеме тарату жүйелері арқылы газды тасымалдап, тұтынушыларды көгілдір отынмен қамтамасыз етеді.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалында құрылған абоненттік бөлімде үйлерді газбен жабдықтау жүйесіне қосу бойынша толық ақпарат пен техникалық шарттар алуға болады.

Жоба бойынша Қарағандыда 29 528 үйді газбен қамтамасыз ететін – 16, Теміртауда 4 498 үйге арналған – 8, Жезқазғанда 4 562 үйге арналған 6 іске қосу кешенін салу жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар