Қарағанды қаласында жаңа емхана ашылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласының Восток-2 ықшам ауданында мамырда жаңа емхана қолданысқа беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, Қарағанды облысында денсаулық сақтау саласында мемлекетік-жекеменшік әріптестігі аясында 11 жоба жүзеге асырылуда.

«Біздегі негізгі проблемалардың бірі - үлкен емханалар мен оларға бекітілген тұрғындардың көптігі. Бүгінгі таңда біздің емханаларда 50-60 мың адам тіркелген. Жағдайды өзгерту үшін облыста бірқатар жобалар әзірленді. Облыс орталығында және өңірдің басқа да қалаларында шағын отбасылық денсаулық орталықтарын ашуды жоспарлап отырмыз», - деп түсіндірді Ержан Нұрлыбаев.

Биылғы жылы Жезқазған қаласындағы екі жылға жоспарланған жоба аяқталады. Мұнда аурухана қалашығы пайда болады. Денсаулық сақтау кешенінде қала тұрғындарына қазіргі заманғы медициналық жабдықтармен жабдықталған кеңес беру-диагностикалық орталық қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. Қазіргі таңда аталмыш орталықта жұмыс істейтін қызметкерлер біліктіліктерін жетілдіріп жатыр.

Сондай-ақ, облыстық травматология орталығының негізінде заманауи кеңес беру-диагностикалық орталығы ашылады. Жаңа нысан емделушілерді қабылдау мүмкіндігін 20% ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«1 мамырға дейін біз Восток-2 шағын ауданындағы жаңа емхананы пайдалануға береміз. Ал тамыз айында Пришахтинскіде жаңа балалар емханасы мен әйелдерге кеңес беретін мекеме іске қосылады. Біздің есептеуіміз бойынша, бұл емханаға 17 мыңға жуық бала тіркеледі», - деді Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Ержан Нұрлыбаев мәлімдегендей, Теміртау қаласындағы емхана құрылысы сәуір айының екінші жартысында басталуы тиіс. Жаңа нысанды ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, МЖӘ аясында осы уақыт аралығында Майқұдықтың 11-ші ықшам ауданында емхана салынатын болады. Сонымен қатар, биыл Октябрь ауданында қосалқы жедел жәрдем станциясының құрылысы аяқталады, Қарағайлы кенті мен Ахметауыл ауылында дәрігерлік амбулаториялар, ал Балқаш қаласында жаңа емхана ашылады.

Сонымен қатар Нұра ауданының Шахтерское ауылында дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Ал Қарағандыда фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылады деп көзделіп отыр.

Соңғы жаңалықтар