Қарағанды қаласында кісі өлтіруге тапсырыс берген әйел адам ұсталды - ІІМ

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Өткен аптада Қарағанды қаласында кісі өлтіруге тапсырыс берген әйел адам ұсталды.

Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен дәстүрлі брифинг барысында ведомства баспасөз қызметінің басшысы Қуаныш Жұманов мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қ. Жұмановтың айтуынша, өткен аптада Қарағанды облысы ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына Шет ауданындағы бір шаруа қожалығының басшысы 44  жастағы әйелдің сыйақы беру арқылы 40 жастағы ер азаматты өлтіргісі келетіні, сол бойынша орындаушыны іздегені туралы жедел ақпарат келіп түскен болатын. ІІМ анықтаған ақпарат бойынша,  күдікті кісі өлтірушіні өзінің сіңлісі үшін кек алу мақсатында жалдағаны белгілі болып отыр. 1997 жылы жәбірленуші (40 жастағы ер азамат) тапсырыс берушінің сіңлісін үйлену үшін ұрлап, кейіннен одан бас тартқан көрінеді. Осы оқиғаның нәтижесінде әлгілердің арасында «жағымсыз қарым қатынастар» туындаған.

«Жедел-тактикалық операциялар жүргізу барысында полиция қызметкерлері кісі өлтіруді моделдеуді жүргізді. Ол бойынша барлығы тапсырыс беруші талап еткеніндей ұйымдастырылып, жалған «құрбан» зорлық-зомбылықпен өлтірілгендей белгілер бойынша өзінің көлігінің қасында суретке түсірілді.  Осыдан соң шаруа қожалығының басшысы жалдамалымен есеп айырысу үшін өзінің «Ниссан-Превиа» автокөлігін орындаушының атына аудармақ болған жерінде құрықталды. Одан «кісі өлтіруге» қатысты түсірілген фотосуреттер, автокөлікті рәсімдеу туралы сенімхаттың көшірмесі тәркіленді», деді Қ. Жұманов.

 

Соңғы жаңалықтар