Қарағанды хайуанаттар бағы мүйізі кесіліп, қансырап жатқан бұғыларға қатысты түсінік берді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды хайуанаттар бағының басшылығы әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырған жағдайды түсіндірді. Танымал пабликтердің жазылушылары видеода мүйіздері кесіліп, қанға оранып жатқан бұғыларды көріп, ашулы пікірлерін жазған. Бүгін хайуанаттар бағының басшылары бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше, 9 қыркүйекте Қарағандының танымал пабликтерінің парақшаларында фотосуреттер мен видеолар пайда болды.

Онда мүйізі кесілген, басынан қаны ағып жатқан бұғыларды көруге болады.

Бұл видео қарағандылықтардың наразылығын тудырды. Алайда жел пайдаланушыларын одан бұрын жануарлардың жағдайы алаңдатып отыр.

Хайуанаттар бағының басшылығы түсіндіргендей, жануарлардың өміріне қауіп төнердей ешқандай жайт болмаған – мұндай процедура жыл сайын өткізіледі және оның алдында жануарларға арнайы қауіпсіз препарат егіліп, қозғалысы шектеледі.

«Мен хайуанаттар бағында шамамен 12 жылдан бері жұмыс істеп келем және біз әрқашан жануарлардың мүйізін бірдей әдіспен кесіп тастаймыз. Бұғы – өте жабайы аңдар. Жыл сайын біз еркек бұғылардың мүйізін кесеміз, өйткені олар агрессивті болады. Қазір аңдарда табиғи жұптасу кезеңі басталды, оларды бір-бірінен қорғау және хайуанаттар бағының қызметкерлерінің қауіпсіздігі үшін мүйіз кесу шаралары жүріп жатыр. Кеше олар процедурадан кейін бірден видеоға түсірілді, жануар қалпына келуі үшін шамамен 2 сағат уақыт қажет. Бұл жағдайда мүйіздер дереу арнайы ерітіндімен өңделді. Оларды орауға болмайды, одан пайда жоқ. Олар мүйіздерін үнемі ұрып-соғып, дуалға қажап, кез келген таңғышты алып тастайды. Табиғатта бұғы көктемде мүйіздерін тастайды, бірақ оған дейін олар үнемі ұрғашы бұғы үшін күреседі. Олар тіпті бір-бірін өлтіруге дейін барады. Ұрыста жеңілген бұғы кетуі керек. Бірақ олар хайуанаттар бағында, баратын жері жоқ. Сондықтан жануарлар арасындағы қақтығыс қайталана береді. Бұған жол бермес үшін біз мүйіздерді ертерек алып тастаймыз. Бүгін сіздер жануарлардың жағдайы жақсы екенін көріп отырсыздар. Олар жүгіріп, ойнап жүр. Бұл - міндетті ветеринарлық шара, оны барлық хайуанаттар бағында өткізеді», - деп түсіндірді хайуанаттар бағының қызметкері Амин Алин.

Хайуанаттар бағының директоры Гүлнар Адамбекова да келушілер хайуанаттар бағына қатысты неге теріс пікір айтатынын түсінбеймін дейді.

Оның айтуынша, соңғы жылдары хайуанаттар бағы айтарлықтай өзгеріп, жануарлардың жағдайы жақсарды.

Оның айтуынша, бүгінде хайуанаттар бағында 10 жылдан 30 жылға дейінгі еңбек өтілі бар қызметкерлер жұмыс істейді.

Олардың барлығы керемет мамандар және олардың ешқайсысы жануарларға жамандық тілемейді, керісінше, олар аңдардың өмір сүру жағдайын жақсартуға тырысады.

«Біз жануарлардың өмірін жақсартуға тырысамыз. Біздің тұрақты қонақтарымыз саябақтың қалай өзгергені, қаншалықты жайлы болғандығы туралы бірнеше рет айтып кетті. Біздің қызметкерлер бұл жануарларды жақсы көреді және оларға зиян тигізгісі келмейді. Жаңа жағдайлардың арқасында биыл бізде бірнеше жылдан кейін алғаш рет бизон төлдеді. Бұл - хайуанаттар бағы үшін керемет оқиға», - дейді Гүлнар Адамбекова.


Фото: www.instagram.com/temirtau.today


Соңғы жаңалықтар