Қарағанды драма театры жаңа маусымын «Жас Абай» қойылымымен ашады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры 8 қазанда жаңа маусымын ашады. Көрермен Төкен Ибрагимовтың пьесасы бойынша қойылған «Жас Абай» спектаклінің премьерасын тамашалай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қойылым Абайдың 175 жылдығына орайластырылған. Спектакль ақынның балалық, жастық шағы және Абайдың Тоғжанмен махаббаты жайлы баяндайды.

Режиссер Нұрлан Жұманиязовтың айтуынша, спектакль Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының бірінші томына және Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қодар мен Қамқа» поэмасына негізделген. Қойылымда реализм мен сюрреализм элементтері бар, ал кейіпкерлер проза және өлең шумақтарымен сөйлейді.

«Жас Абай» спектаклінің композиторы - Сыдық Мұхамеджанов, музыкалық әрлеуші - Сәуле Мұстафина. Абайды сахнада Ахай Жұмамұратов пен Азамат Амантай, Құнанбайды Бекмұхаммед Киекбаев пен Мадияр Қойшығарин сомдайды.

Зеренің рөлін Нұржібек Жансүгірова мен Злиха Әбдіғалықова, Ұлжанды - Гүлнәр Базарбаева мен Динара Айғазинова, Тоғжанды - Саягүл Тәшімбекова, Нұрайым Тезекбаева және Айнұр Асылбекова орындайды.

Театр хабарлағандай, жаңа маусымның ашылуы карантин шараларын сақтай отырып өтеді. Залдағы көрермен саны шектеулі - 50 адамға дейін. Кіру - қатаң бетпердемен.

Спектакльдің басталуы: 18.30.


Соңғы жаңалықтар