Қарағанды драма театры Әшірбек Сығай атындағы фестивальде Гран-при жеңіп алды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда республикалық театр фестивалі аяқталды. Әшірбек Сығай атындағы бас жүлдені «Құлагер» спектаклі үшін Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ балалар мен жасөспірімдер театры иеленді (Алматы қаласы). Тәуелсіздіктің 30 жылдығы Гран-при жүлдесі «Электра» қойылымы үшін Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды қазақ драма театрына берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Белгілі театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай атындағы бірінші фестивальге 15 қазақстандық театр қатысты.

Қазылар алқасының айтуынша, олардың репертуары қызықты әрі алуан түрлі болды.

Көрермен назарына классикамен қатар заманауи жанрлар да ұсынылды.

«Әшірбек Сығай атындағы фестиваль дәстүрге айналғанын қалаймыз. Оны екі жылда бір рет өткізу жоспарда бар. Жас режиссерлер шығармашылыққа жаңа идеялар енгізуде, сондықтан қазақ театрының болашағына сеніммен қарауға болады», – деп атап өтті қазылар алқасының мүшесі Мирас Әбіл.

Фестиваль соңында 15 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды, оның ішінде екі Гран-при болды.

Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры Әшірбек Сығайдың шәкірттерінен арнайы сыйлық алды.

Бірінші орынды мемлекеттік қуыршақ театры (Алматы қ.), екінші орынды Шымкент қалалық Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры, үшінші орынды «Дариға-ай» жастар театры (Семей қ.) иеленді.

Номинация бойынша жеңімпаз атанғандар:

– «Үздік режиссура» – Дина Құнанбай (Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау музыкалық драма театрының «Найзағай» спектаклі);

– «Үздік актер» – Абзал Ратбек (Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау музыкалық драма театры);

– «Үздік актриса» – Амира Омарова (С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ академиялық драма театры);

– «Үздік сценография» – Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры;

– «Үздік актерлік ансамбль» – К. С. Станиславский атындағы Қарағанды орыс драма театры;

– «Екінші пландағы үздік актер» – Максим Михеев (Ақмола облыстық орыс драма театры);

- «Екінші пландағы үздік актриса» – Ажар Шакіржанова (Нұр-сұлтан қаласының Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры);

– «Үздік эпизодтық рөл»: әйелдер арасында – Еркежан Төлеубек (Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры) және ерлер арасында – Олжас Бекайдаров (И. Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры).

Бас жүлдені иеленген «Құлагер» саунд-драмасының режиссері Фархад Молдағалидің айтуынша, бұл оның бірнеше жыл бойы жүрегінде сақтап, ойын жүзеге асырған ерекше спектакль.

«Фестивальге менің үш қойылымым қатысты. Солардың бірі – «Құлагер» саунд – драмасы бас жүлдені жеңіп алды. Спектакльді біз бір жарым жыл бұрын дайындадық, бірақ пандемияға байланысты аз көрсетілді. Бұл біздің алғашқы жеңісіміз», – деп атап өтті Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Фархад Молдағали.

Ал «Үздік актриса» номинациясының жеңімпазы Амира Омароваға аттас спектакльде өзінің кейіпкері Электраны ойнау өте қиын болды, бірақ ол өз рөлін керемет орындады.

«Маған Электраны сомдау қиын болды, себебі бұл - ерекше кейіпкер. Спектакльдің өзі - психологиялық. Менің жұмысымды жоғары бағалағанына қуаныштымын», – деді Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды мемлекеттік драма театрының актрисасы Амира Омарова.



Соңғы жаңалықтар